$ 464.02
 536.18
 5.54

Бақытжан Базарбек жол апатына қатысты: «Ең бастысы – зардап шеккендердің жанында болу»

Редактор
17.08.2026, 14:53
коллаж: bairaqmedia.kz
коллаж: bairaqmedia.kz
Саясаткер тергеу деректерін жария етпеу туралы құжатқа жұбайымен бірге қол қойғанын хабарлады

Мәжілістің бұрынғы депутаты Бақытжан Базарбек әлеуметтік желілерде тараған Жамбыл облысындағы жол апатына қатысты ақпаратқа алғаш рет пікір білдірді. Апатқа оның қатысы болуы мүмкін екені бұған дейін айтылған, деп хабарлады  Вairaqmedia.kz.

Ол жұбайымен бірге сотқа дейінгі тергеу деректерін жария етпеу туралы құжатқа қол қойғанын мәлімдеді.

«Тергеу жұмыстары жалғасып жатыр. Қазір қажетті сараптамалардың жүргізілуі күтілуде. Тергеу органдары заңға сәйкес оқиғаның барлық мән-жайына объективті әрі әділ баға беретініне сенімдімін», – деп жазды Бақытжан Базарбек.

Бұрынғы депутат қазіргі таңда ол үшін ең бастысы зардап шеккен адамның жақындары мен туыстарының жанында болып, оларға қажетті көмек көрсету екенін айтты. Сондай-ақ саясаткер аудандық аурухана дәрігерлеріне, Денсаулық сақтау министрлігіне және облыстық денсаулық сақтау басқармасына шұғыл көмек көрсеткені үшін алғыс білдірді.

Бақытжан Базарбек жұртшылықты асығыс қорытынды жасамауға және тергеудің ресми нәтижесін күтуге шақырды.

Жол апаты Жамбыл облысының Рысқұлов ауданында болған. Полицияның алдын ала мәліметінше, Toyota көлігінің жүргізушісі – «Б. есімді азамат» – жолдың жүріс бөлігінде тұрған ер адамды қағып кеткен. Зардап шеккен азамат жансақтау бөліміне жатқызылып, жағдайы ауыр деп бағаланған. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.