Қазақстанда Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының рөлі, оның ішінде өңірлердегі өкілдер желісінің дамуына байланысты күшейіп келеді. Бұл туралы «Оңтүстік Кавказ» саясаттанушылар клубының жетекшісі Ильгар Велизаде мәлімдеді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Саясаттанушы негізгі өзгерістердің бірі ретінде 2022 жылы қабылданған заңды атады. Оның пікірінше, бұл құжат Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің жұмысына жаңа тәсіл қалыптастыруға негіз болып, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында институттың мүмкіндіктерін кеңейтті.
«Ең алдымен, бұл заң омбудсменнің Қазақстан азаматтарының конституциялық құқықтары мен бостандықтарын іске асыруға қатысты мәселелерді мемлекеттік органдар алдына қою және олардың орындалуын талап ету құқығын институционалдық тұрғыдан бекітті», – деді Велизаде.
Саясаттанушы омбудсменнің өңірлердегі өкілдерінің жұмысына да жеке тоқталды. Оның айтуынша, олар жергілікті жерлердегі бүкіл жүйенің маңызды буыны саналады.
«Өңірлік омбудсмендердің рөлі өте маңызды. Бұл жүйенің жаңа жағдайларда қаншалықты тиімді әрі азаматтардың мәселесіне қаншалықты сезімтал жұмыс істейтіні олардың қызметіне байланысты», – деп атап өтті саясаттанушы.
Велизаденің пікірінше, омбудсменнің түрлі инстанциядағы соттармен және құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылы да маңызды. Бұл азаматтарға өз құқықтарын қорғау және конституциялық құқықтарының іске асуына қол жеткізу үшін қосымша мүмкіндік береді.
Саясаттанушы омбудсмен институтындағы өзгерістерді соңғы жылдардағы саяси реформалар аясында қарастырады. Оның айтуынша, бұл реформалар мемлекеттік институттарды жетілдіруге және билік пен қоғам арасындағы диалогты нығайтуға бағытталған.
Ильгар Велизаде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына да тоқталды. Оның сөзінше, тұжырымдаманың негізгі бағыттарының бірі – адам құқықтарын қамтамасыз ету.
«Қазақстан Президенті ел тағдырына қатысты маңызды шешімдер қабылдау кезінде қалың бұқараның мүддесін ескерудің қажеттілігіне назар аударады. Сонымен қатар азаматтардың құқықтары мен міндеттеріне, әсіресе жергілікті жерлерде, мұқият қарау керек екенін де біледі», – деді Велизаде.
Сарапшы омбудсмен институтын одан әрі жетілдіруді мемлекеттік басқару жүйесін дамыту үдерісімен байланыстырады.
«Омбудсмен институтын жетілдіру мемлекеттік басқару тәжірибесін жетілдірумен қатар, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ғана емес, Қазақстан қоғамының алдағы жылдардағы даму тұжырымдамасын да іске асырудың кепілі», – деп қорытындылады Ильгар Велизаде.