Азаматтардың 87,15 пайызы Конституцияны қолдап дауыс берген – ОРК соңғы мәліметті ұсынды

Редактор
17.03.2026, 10:35
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда
Референдумға шыққан мәселенің теріс шешімін жақтап дауыс берген азаматтардың саны – 898 099 адам болған.

Орталық референдум комиссиясы референдумда дауыс беру қорытындысы бойынша 17 наурыздағы мәліметті жаңартты, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.

«Референдумға қатысу құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жалпы саны – 12 482 613 азамат. Дауыс беруге қатысқан азаматтардың саны – 9 127 192 немесе 73,12 процент. Референдумға шыққан мәселенің оң шешімін жақтап дауыс берген азаматтардың саны – 7 954 667 немесе дауыс беруге қатысқандардың 87,15 проценті», - деді соңғы мәліметті ұсынған ОРК өкілі.

Ал, ОРК мәліметіне сүйенсек, референдумға шыққан мәселенің теріс шешімін жақтап дауыс берген азаматтардың саны – 898 099 адам болған. Жарамсыз деп танылған бюллетеньдердің саны – 146 558.

«Дауыс беруге референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі немесе 73,12 пайызы қатысқандықтан, «Сіз жобасы 2026 жылғы 12 ақпанда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сұрақ бойынша референдум өтті деп есептелсін. Республикалық референдумға дауыс беру үшiн шығарылған жаңа Конституция қабылданды деп есептелсiн, өйткенi облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екiсiнде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы немесе 87,15 пайызы оң шешiм қабылдады», - деді соңғы шешімді ұсынған ОРК.