Қоғам

Астанада Шерхан Мұртаза атындағы мұражай ашылғалы жатыр

17:51, 12 тамыз 2025 45

Астанада Шерхан Мұртаза атындағы мұражай ашылғалы жатыр, деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Мұражай Астана қаласындағы Шерхан Мұртаза атындағы №63 мектеп-гимназиясында пайда болмақ. Бұл іс қоғам қайраткері, Шерхан Мұртаза атындағы қайырымдылық WAGF қорының президенті Қайрат Айтбайдың бастамасымен қолға алынған. 

Мұражай заманауи мультимедиалық құралдармен, контентті сенсорлық басқарумен жабдықталмақ. Мұнда қаламгердің балалық шағы, жазушылық, журналистік қызметі жайлы тың деректер, сондай-ақ жеке заттары мен құжаттары қойылады деп жоспарлануда. Әдеби мәліметтер, қолжазбалар мен фотосуреттер де назарға ұсынылмақ. 

Бұдан бөлек, QR-кодтар арқылы Шерхан Мұртазаның шығармаларын арнайы сайт арқылы оқуға мүмкіндік қарастырылған. Бұл – өскелең ұрпақтың даңқты жазушының классикалық туындыларымен жан-жақты танысуына септігін тигізбек.

Шерхан Мұртаза – бүкіл саналы ғұмырын қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына арнады. Ол – шын мәнісінде халқымыздың мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Ел мен жер, тіл мен дін мәселелерін дер кезінде көтере білді. Ол – қазақ журналистикасында өзіндік сара соқпағын салып, дара мектебін қалыптастырды. Талантты жастардың танылуына ықпал етті, талай дарынға қолдау көрсетті. Осылайша, «Шерағаның шекпенінен шыққандардың» үлкен шоғыры қалыптасты. Шерхан Мұртаза өз шығармалары арқылы тұтас бір ұлттың тәрбиешісіне айналды. Шерағаның әдеби мұрасын насихаттау бағытында бұған дейін де талай ілкімді істер жасалған болатын. Бұл бастама соның заңды жалғасы іспеттес, – дейді Қайрат Айтбай.

Мұражайдың ресми ашылуы жазушының туған күні қарсаңында өткізілмек. Айта кетерлігі, Шерхан Мұртазаның қайраткерлігі мен қаламгерлігін кеңінен дәріптеу, оның шығармашылығын жастар арасында насихаттау бүгінде үлкен маңызға ие. Бұл ретте қаламгердің атындағы қайырымдылық қор көптеген жүйелі жұмыстарға ұйытқы болып келеді. Бүгінде қор бірнеше бағыт бойынша жұмыс істеуде. Соның ішінде Шерағаң дүниеге келген өңірдегі киелі жерлер жаңғыртылып, ел игілігі үшін бірқатар маңызды әлеуметтік нысандар бой көтеруде.

Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөзі бар. Кез келген мемлекет өзінің алға қарай қарқынды дамуын, болашақ жетістіктерін өсіп келе жатқан өскелең ұрпақпен байланыстырады. Өресі жоғары жастарға үнемі қолдау көрсетіп отыру да біздің басты мақсаттарымыздың бірі, – деп атап өтті Қайрат Айтбай.

Білім ұясының ұжымымен кездесу барысында Қор президенті мектеп кітапханасына бірқатар кітаптарды тарту етіп, қолға алынған бастамалар жайында кеңінен әңгімеледі. 

Шерхан Мұртаза атындағы №63 мектеп-гимназиясы 2010 жылы ашылған. 2023 жылы білім ордасына халқымыздың біртуар перзентінің есімі берілді. Бүгінде мектепте 3 300 оқушы білім алады.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз