Қоғам

Астана LRT: Қала келбеті қалай өзгереді?

15:32, 12 сәуір 2025 27

Бүгін елордада премьер-министр Олжас Бектеновқа жеңіл рельсті көлік желісінің құрылысы бойынша ауқымды жұмыс барысы баяндалды. 112-станса алаңында өткен таныстырылымда өткен жылы эстакада, аспалы көпір және барлық стансалардың темірбетон конструкциялары толық аяқталғаны мәлім болды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.

LRT жобасына қажетті шпалдарды шығару үшін Астанада арнайы өндіріс іске қосылды. Қазірдің өзінде 35 мыңнан астам шпал дайын, барлығы 87,6 мың шпал қажет. Арнайы технологиялар тасымалдау кезінде зақымдалу қаупін азайтып, құрылымдардың аязға төзімділігін арттырады.

Қазір құрылыс алаңында рельстер төселіп жатыр. Ұзындығы 2 шақырым болатын учаскеде жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Жаз айларында құрылыс жұмыстарына шамамен 5 мыңға жуық маман жұмылдырылады.

CTS компаниясының мәліметінше, қыркүйекте LRT жүйесін тестілік режимде іске қосу жоспарланған. GoA4 халықаралық стандартына сәйкес жоба толық автоматтандырылған жүйемен жабдықталады және 6 айлық сынақ мерзімін қамтиды.

Қытайлық серіктестермен бірге іске асырылып жатқан жоба аясында заманауи депо салынып жатыр. Ол 13 негізгі ғимараттан тұрып, пойыздарды тұраққа қою, жөндеу және басқару орталығын қамтиды.

LRT үшін арнайы құрастырылған пойыздар 650 орынға есептелген және заманауи жабдықтармен толық қамтылады. Әр вагонда 36 монитор, 11 камера және автоматты басқару жүйелері орнатылады. Қазір алғашқы екі пойыз құрастырылып жатыр.

Жоба аясында қала инфрақұрылымы да жаңартылып келеді: ағаштар отырғызылып, балалар және спорт алаңдары, кең автотұрақтар мен веложолдар салынып жатыр.

«LRT жобасының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Былтыр эстакаданы, көпірді және стансалардың темірбетон жұмыстарын аяқтадық. Астанада темірбетон шпалдарын өндіретін зауыт іске қосылды. Рельс төсеуді бастадық. Депоның, стансалардың құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ арнайы қызметкерлерді оқыту қолға алынды. ЛРТ желісі бойынша абаттандыру жұмыстары жүргізіледі, оған жаяу жүргіншілерге, велосипед тебуге, жүгіруге арналған жолдар, сонымен қатар қала тұрғындары үшін демалыс аймақтары кіреді, – деді «City Transportation Systems» ЖШС басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз