Аймақ

Алматыдағы Сайран көлін жаңғырту жұмыстары аяқталмай жатып айналасы қоқысқа толды

15:59, 20 маусым 2025 17

Алматыдағы Сайран көлін жаңғырту жұмыстары аяқталмай жатып айналасы қоқысқа толды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Суға түсу маусымын бастап кеткен жұрт тұрмыстық қалдықтарды беталды тастап, жағажайдың көркі әлден кете бастаған.

Нәски, қағаз бөтелке бәрі жатыр. Не ішеді, соның бәрін тастайды. Ана жерге отыруға мүмкіншілік жоқ, - деді қала тұрғындарының бірі.

Жасанды көл күрделі жаңғыртудан соң ресми түрде әлі ашылмаған. Маусымнан бастап пайдалануға беріледі деп жоспарланғанымен, қазір мұндағы абаттандыру жұмыстары әлі де жүріп жатыр. Сондықтан, әзірге көлде шомылуға болмайды.

Алайда, ескертуді пысқырып жатқан тұрғындар жоқ. Әсіресе, бала-шаға Сайранда емін-еркін шомылып жүр. Айта кетерлігі, мұндағы қоғамдық дәретхана да ашылмаған. Ал, қоқыс жәшіктері бар болғанымен, оны кәдеге жаратып жатқан халық жоқ. Яғни, ішкен сусыны мен жеген тамағының қалдықтарын отырған жерінде тастап кетіп жатыр. Қоқыс көлде де қалқып жүр.

Қыруар қаражатқа жөнделген жағажайдағы тазалықты қадағалап жүрген ешкім жоқ. Тек кейде қоқысты еріктілер жинап кетеді дейді жақын маңайдағы тұрғындар. 

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз