Осы орайда «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Алматы қалалық филиалының инженерлері мегаполистегі асфальтбетон зауыттарының жұмысын тексеріп, жол салуға пайдаланылатын материалдардың сапасына кешенді сараптама жүргізді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Аталған тексеру жұмыстары қала әкімі Дархан Сатыбалдының 2026 жылғы 30 наурыздағы арнайы тапсырмасы аясында ұйымдастырылды. Құжатта көрсетілгендей, Алматы аумағындағы асфальтбетон зауыттарында өндірілетін және қолданылатын қоспалардың сапасын талдап, 13 сәуірге дейін нақты қорытынды мен ұсынымдар әзірлеу міндеті қойылған. Сонымен қатар, сараптама нәтижесіне сәйкес алдағы уақытта жұмыс жүргізілетін зауыттар анықталмақ.
Тексеру барысында мамандар жол құрылысына қажетті негізгі материалдардың үлгілерін алды. Атап айтқанда, битум қоспасы, жол жөндеу жұмыстарына қолданылатын қиыршық тас және асфальтбетон қоспалары зертханалық сараптамаға жіберілді. Бұл сынамалар арнайы стандарттарға сәйкестігі тұрғысынан жан-жақты тексерілуде.
Алматы қалалық филиалының инженері Сұрапбергенов Досжанның айтуынша, мұндай тексерістер жол сапасын арттыруда шешуші рөл атқарады.
«Асфальтбетон қоспасының сапасы – жолдың ұзақ қызмет етуінің негізгі кепілі. Егер бастапқы материалдар талапқа сай болмаса, кез келген жолдың қызмет ету мерзімі қысқарады. Сондықтан біз әрбір зауыттың өнімін мұқият тексеріп, стандартқа сай келмейтін кемшіліктерді дер кезінде анықтаймыз. Бұл тек жол сапасын жақсартып қана қоймай, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына да ықпал етеді, – деді ол.
Инженердің сөзінше, тексеру нәтижелері бойынша кейбір зауыттарға технологиялық процестерді жетілдіру және материал құрамын жақсарту жөнінде ұсынымдар берілген. Ал талаптарға толық сәйкес келетін кәсіпорындармен алдағы жол құрылысы жобаларында ынтымақтастықты жалғастыру көзделіп отыр.
Жалпы, мұндай бақылау шаралары Алматыдағы жол инфрақұрылымының сапасын арттыруға, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сарапшылардың пікірінше, жүйелі әрі қатаң техникалық бақылау – ұзақ мерзімді әрі сапалы жол салудың басты кепілі.