$ 482.53
 555.44
 5.92

Алматыда полиция жедел жәрдем бригадасына шабуыл жасаған ер адамды ұстады

Редактор
30.03.2026, 13:10
Фото: видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот
Мұндай әрекеттер заңмен көзделген жауапкершілікке әкеледі. 

Алматыда ер адам шақыртумен келген жедел жәрдем бригадасына агрессия танытып, шабуыл жасады деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz Алматы полициясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға туралы Telegram желісіндегі "Письма президенту" арнасынан белгілі болды. Жарияланған видеода ер адамның медицина қызметкерлеріне агрессия танытып, жедел жәрдем көлігінің есігін күшпен ашуға тырысып жатқанын байқауға болады.

Алматы ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған дерек бойынша Алматы қаласы Жетісу ауданының Полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 380-3-бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.

Полиция дерегіне сүйенсек, жедел медициналық жәрдем бригадасы шақырту бойынша науқасқа келген. Алайда сол жерде болған оның ұлы мас күйде агрессияға бой алдырған. Қорқытып, айналадағыларға қауіп төндіретін заттарды көрсеткен. Медициналық қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін оқиға орнына полиция қызметкерлері шақырылды.

Құқық бұзушы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

"Қазіргі уақытта оқиғаны жан-жақты және объективті зерттеуге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Қызметтік міндетін атқарып жүрген жедел қызмет өкілдеріне қатысты кез келген агрессия мен қорқыту әрекеттеріне жол берілмейтінін атап өтеміз. Мұндай әрекеттер заңмен көзделген жауапкершілікке әкеледі", - делінген хабарламада.