Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өңірдегі соғыс ардагерлері Тәңірберген Толғанбаев пен Фёдор Ковалевті арнайы барып құттықтады деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Облыс басшысы ардагерлерге жылы лебізін білдіріп, мерейтойлық медальдар тақты. Бұған қоса, Қонаев қаласынан жаңа жайлы пәтерлердің кілтін табыстады.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысындағы барлық Ұлы отан соғысы ардагерлеріне 5 миллион теңге көлемінде ақшалай сертификаттар берілген.
Марат Сұлтанғазиев соғыс жылдарындағы ерліктері үшін шын жүректен алғысын айтып, ардагерлерге қамқорлық көрсету мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Бүгінгі бейбіт өмір үшін жанын қиған, ерлік көрсеткен жандардың есімі ел жадында мәңгі сақталады. Сіздердің жеңіске қосқан үлестеріңіз баға жетпес. Біз әрқашан Сіздерді мақтан тұтамыз, — деді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Ардагерлер көрсетілген құрмет пен қолдау үшін өңір басшылығына алғыс білдірді.