Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Қазыбек бек ауылында «QazElastoPlast» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің автокомпоненттер мен автоаксессуарлар шығаратын жаңа зауыты іске қосылды, - деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Жоба толықтай жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылды.
Аумағы 1000 шаршы метр болатын кәсіпорын құрылысына 600 миллион теңге инвестиция салынды. Зауыт жылына 300 мыңнан астам жиынтық өнім шығаруға қауқарлы. Негізгі өнімдер қатарына термоэластопласттан жасалған кілемшелер, резеңке тығыздағыштар, балшыққағарлар және өзге де автокомпоненттер кіреді. Қазіргі уақытта кәсіпорын Hyundai маркасының үш моделіне арналған бөлшектерді шығаруда, алдағы кезеңде өнім түрлерін кеңейту көзделіп отыр.
Зауыт директоры Абылай Жәкішевтің айтуынша, бұл – Қазақстандағы автокомпонент өндіруді алғаш қолға алған кәсіпорын.
Қазіргі таңда біз көліктерге арналған кілемшелерді шығарудан бастадық. Модельдік қатар әзірге үш үлгіден тұрады. Алдағы жылы олардың санын 100-ге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз, – деді ол.
Салтанатты шараға «Астана Моторс» компаниясының негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов қатысып, қызыл лентаны қиды. Сондай-ақ екіжақты меморандумға қол қойылып, зауытта өндірілген өнімді отандық автокөлік құрастыратын зауыттарға жеткізу жөнінде келісім жасалды.
«Астана Моторс» компаниясының бас директоры Бекнұр Несіпбаев бұл серіктестіктің маңызына тоқталды.
Бұл бастама бізге қажетті бөлшектерді шетелден әкелмей, өз елімізде өндірілген өнімді қолдануға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта іске қосылатын жаңа зауыттарымыз үшін де қажетті бөлшектерді осы жерден алуды жоспарлап отырмыз, – деді ол.
Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ақниет Тұматаев зауыттың өңір экономикасына қосар үлесін атап өтті.
Бұл өндіріс орны ауданымыздың өнеркәсіп саласын дамытуға серпін береді. Қазыбек бек ауылдық округінде жалпы көлемі 960 гектарды құрайтын индустриялық аймақ құру жоспарлануда. Қазіргі уақытта оның инфрақұрылымын тарту бойынша конкурс жарияланды, – деді ол.
Бүгінде зауытта 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, олардың орташа айлық жалақысы 200 мың теңгеден басталады. Алдағы уақытта жұмыс орындарының саны ұлғаяды деп күтілуде. Сонымен қатар кәсіпорын шикізатты Ресейден ғана емес, Өзбекстаннан да жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл қадам логистикалық шығындарды азайтып, өндірістің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жаңа зауыттың іске қосылуы аймақтың өнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, импортты алмастыруға және отандық автоөнеркәсіптің дамуына тың серпін бермек.