Қоғамдық орында бет-жүзді тұмшалауға шектеу - ақжаулық орамалды шектеу емес. Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелері зерттеу орталығының» теологы Асхат Дүйсен осылай мәлімдеді, - деп хабарлайды
bairaqmedia.kz
Маманның айтуынша бет-әлпетті тұмшалауға тыйым салу мәселесі бұрыннан көтеріліп келген. Әсіресе, 2016 жылы бұл тақырып қызу талқыға түсіпті.
Қара орамал мәселесі қоғамда ертеден көтеріліп, бір басылып, көтеріліп қайта басылып келе жатқан өзекті мәселенің бірі еді. Бұл тек Қазақстан елінде көтеріліп жүрген даулы мәселе емес, көптеген көршілес, Батыс елдерінде шешімін таппай келген мәселелердің бірі деп айтсақ болады. Елімізде кейбір азаматтардың қоғамдық орындарда бет-жүзін тегіс тұмшалайтын қара киім киюге тыйым салу керек туралы көптен бері айтылып жүрді. Әсіресе, 2016 жылы үлкен талқыға түскені бар. Сол жылдары дін істері және азаматтық қоғам министрлігі арнайы заң жобасын да әзірлей бастаған. Алайда бастама қоғамда үлкен пікірталас туғызып, ресми түрде өз шешімін таппай кейінге қалдырылды, - деді теолог.
Әрі мұндай тыйым шет мемлекеттерде де бар екен. Соның бірі - Франция.
Ниқабқа қатаң шектеу енгізген алғашқы мемлекеттердің бірі – Франция елі. 2010 жылы бүкіл қоғам ішінде бет жүзді толық жабатын киімді киюге тыйым салатын заң қабылдап, 2011 жылдан бастап қоғамдық орындарда ниқаб киюді толық тыйды. Орталық Азия аймағында бет-әлпетін анықтауға мүмкіндік бермейтін киім киюге алғашқы тыйым салған Өзбекстан билігі 2023 жылдың қазанында қабылдады. Кейін 2024 жылы Тәжікстан билігі, 2025 жылдың қаңтарында Қырғызстан да адамның жүзін көруге кедергі келтіретін киімдерді киюге тыйым салған. Түркіменстанда ниқаб пен паранжаға қатысты арнайы заң қабылданбаса да, әйелдердің исламдық үлгідегі киім киюіне бейресми шектеулер қатаң. Халықаралық ресми ұйымдардың хабарлауынша, мұндай шараларды қабылдау мақсаты экстремизм мен терроризмнің алдын алу және ұлттық бірегейлікті қорғау мақсатымен түсіндіреді.
Еске салайық, 2025 жылдың 30 маусым күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық орындарда азаматтардың бет-жүзін толық жабуға тыйым салатын заңға қол қойған болатын . «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» заңға енгізілген өзгерістер көпшілік жерде адамның бетін тұмшалайтын ниқаб пен пәренжі сияқты діни киімдерді киюге де шектеу қояды.
Бұл шара қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған. Жаңа талап бойынша, енді адамдардың түрін жасыратын киіммен көшеде, мекемелерде және басқа да қоғамдық орындарда жүруге болмайды. Түзетулерге сәйкес, азаматтар көпшілік ортада, мәселен көшеде, дүкендер мен мемлекеттік мекемелерде бет-әлпетін жасыратын киім кие алмайды (Бірақ заңда шектеуді бұзғандарға нақты қандай шара қабылданары белгісіз. Заң жобасында ол туралы жазылмаған). Алайда кейбір жағдайларда мұндай киімді киюге рұқсат етіледі, заң мәтінінде: «Қазақстан Республикасының заңдарында, қызметтік (лауазымдық, еңбек) міндеттерін орындау кезінде, медициналық мақсатта, азаматтық қорғау үшін, ауа райының жағдайына байланысты, сондай-ақ спорттық, спорттық-бұқаралық және мәдени-бұқаралық іс-шараларға тікелей қатысатын адамдарға қатысты жағдайларды қоспағанда, қоғамдық орындарда бетті тануға кедергі келтіретін киім киюге тыйым салынады», – делінген, - деп атап өтті Асхат Дүйсен.
Яғни, ауа-райына немесе медициналық көрсетпелерге негізделген себептерді қоспағанда, аязда шарф тағуға немесе медициналық маска киюге сондай-ақ, азаматтық қорғаныс мақсатында, қызметтік (лауазымдық, еңбек) міндеттерді орындау үшін бет-әлпетті жабу қажет болған жағдайда тыйым салынбайды. Бұдан бөлек жаппай, спорттық және мәдени іс-шараларға тікелей қатысатын адамдарға, мысалы аниматорларға да рұқсат етіледі. Осы заңға сәйкес Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ханафи мазхабы бойынша ниқаб кию міндетті емес деген пәтуа да жариялаған болатын.
Жақында қабылданған заңды естіген халық бірі қолдап, кейбірі наразылық білдіруде, ал кейбіреулері хиджаб пен никабтың айырмашылығын білмей барлық орамалға тыйым салынды деп ой түйген де бар. «Тек қана киіммен адамның қай жолда екендігін анықтау – қатер. Қатерлі тұсы – ниқаб секілді дүниені парыз деңгейінде міндеттеп алатын асыра діншілдік» дейді имам ғалымдырымыз. Құран аяттарында бетті тұтшалап, қара түспен жасыру керетігі туралы айтылмаған. Әйелдер қауымына әурет (ұят) жерлерін жабу керектігі міндеттелген. Хиджаб пен никабтың айырмашылығы: Хиджаб «жамылғы, орамал» деген мағынаны білдіреді. Бірақ онымен бет-ауызды түгел тұмшалап қоймайды. Әйелдің беті ашық, ал шашы мен мойны жабық болады. Ал никаб бас киімнің бір түрі, адамның басын, бетін және иығын толығымен жауып тұрады. Екі көзі ғана көрінетін ашық жері бар. Ал пәренжі адамның бүкіл денесін жауып тұратын халат-жамылғы іспетті, көз де көрінбейді. Ол жерге жұқа жіптен тор жасап қояды. Қазақстанда қабылданған шектеу заң ақжаулық орамалға емес, осы ниқаб пен пәренжі секілді бет жүзді толық жасыратын киімге қатысты қабылданды. Ата салтын ардақтаған ұлт өмірінде орамалдың алар орны бөлек, мәртебесі жоғары. Әйелдің басындағы жаулық – сән мен діннің ғана белгісі емес, байырғы кезде ақ орамал соғыс пен ұрыстың нүктесі де болған. Қазіргі таңда да оның маңызы дін не менталитетпен шектелмейді. Ал орамал тағу – қазақтың ұлттық салтының бірі. Жас келін ұзатылған кезінде басына сәукеле киген. Ал келін болып түскен әулетінде орамалмен тағып жүруі тиіс. Бұл жас келіннің ибалы, әдептілігінің белгісі. Сондай-ақ келіннің көп уақыты асханада өтетін болғандықтан ас-тағамдарға шаш түспеу үшін де орамал қажет-ақ. Онда ешқандай діни мағына жоқ, бұл даналықтың, әдептің, көркемдіктің, ата-салтқа деген құрметтің белгісі, - деді маман.