Ақтөбе өңірінде экологиялық сананы қалыптастыруға бағытталған ауқымды бастамалар жалғасуда, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Биыл 30 наурыз – Халықаралық қалдықсыз күн. Атаулы датаға орай, сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында облыстың білім беру ұйымдарында “Қалдықсыз қоғам” акциясы өтті. Іс-шара оқушыларды, ұстаздар мен ата-аналарды ортақ мақсатқа жұмылдырды.

Акцияның басты мақсаты – жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін арттыру, табиғатқа жанашырлық көзқарас қалыптастыру және тұрмыстық қалдықтарға жауапкершілікпен қарауды үйрету.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, өңір мектептерінде “Қалдықсыз өмір – жарқын болашақ”, “Таза табиғат – таза болашақ” тақырыптарында сынып сағаттары өткізілді. Оқушыларға қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеудің маңызы жан-жақты түсіндірілді. Бұл жұмыстар тек теориямен шектелмей, нақты іс-шаралармен толықты.
Мектеп аумақтарында сенбіліктер ұйымдастырылып, оқушылар қағаз, пластик және өзге де тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауға белсенді қатысты.

Білім беру ұйымдарында арнайы сұрыптау жәшіктері орнатылып, экологиялық мәдениетті насихаттауға арналған көрмелер, байқаулар мен челлендждер өткізілді.
Аталған бастамаға тек оқушылар ғана емес, мұғалімдер мен ата-аналар да белсенді атсалысты.
Мұндай бірлескен әрекет қоғамда экологиялық жауапкершіліктің артып келе жатқанын көрсетеді.
“Қалдықсыз қоғам” акциясы – бір күндік шара ғана емес, тұрақты дағды қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Себебі бүгінгі тазалық – ертеңгі ұрпақтың жарқын болашағы.