Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанға қоныс аударуды жоспарлап жүрген шетел азаматтарына үндеу жасап, заңсыз делдалдардың қызметінен сақ болуға шақырды, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Ведомствоның мәліметінше, Көші-қон комитетіне мемлекеттік қызметтерді алу кезінде ақылы түрде көмектесуді ұсынатын делдалдарға қатысты өтініштер түсіп жатыр. Олар құжаттарды рәсімдеу процесін жеделдетуге, тестілеуден өтуге көмектесуге немесе мемлекеттік қызметтерді алуға ықпал етуге уәде береді.
«Ресми түрде ескертеміз: мұндай уәделерге сенбеңіздер.
Бұл бағыттағы мемлекеттік қызметтер белгіленген тәртіппен көрсетіледі. Тестілеу нәтижелерін немесе құжаттарды қарау нәтижесін қандай да бір ақы үшін өзгертуге болмайды», — деп мәлімдеді ведомство.
Министрлік Қазақстанға көшуді жоспарлаған шетелдіктерге бейтаныс делдалдарға ақша бермеуге кеңес берді. Сондай-ақ барлық қажетті мәліметті тек ресми ақпарат көздерінен алуға шақырды.