«Орталық Азия – Корея Республикасы» алғашқы саммитінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өнеркәсіптік және технологиялық даму бойынша әріптестік орнатуды ұсынды, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) Азиялық зерттеулер бөлімінің басшысы Айдар Құрмашев жазды.
Оның айтуынша, бастаманың мақсаты – технология трансфертіне және сыртқы нарыққа шығуға бағытталған бірлескен өндірістік жобаларды іске қосу.
Президенттің мәлімдеуінше, Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы келісімдер аясында жалпы құны шамамен 19 млрд доллар болатын коммерциялық келісімдерге қол қойылған.
Тоқаев KIA Qazaqstan жобасын мысалға келтіріп, осындай ынтымақтастық моделін басқа салаларда да қолдануды ұсынған. Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 70 мың автокөлік өндіруге есептелген.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы критикалық материалдар саласында бірлескен қазақ-корей компаниясын құруды ұсынды. Алматыда сирек және сирек жер металдарын зерттеу орталығын құру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілген.
Саммит барысында көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық та талқыланды. Тоқаев Ляньюньган арқылы өтетін бағыттарды Орталық Азия және Еуропамен байланыстыруды, сондай-ақ Пусан мен Қазақстанның Каспийдегі порттары арасындағы өзара іс-қимылды дамытуды ұсынды.
Айдар Құрмашевтың пікірінше, мұндай жобалардың нәтижесі ірі инвесторлармен бірге қазақстандық кәсіпорындардың дамуына байланысты. Оның айтуынша, технологиямен қатар тұрақты сұраныс, экспорттық нарық және тиімді логистика маңызды рөл атқарады.