Әлем жұлдызы Дженифер Лопес Астанада концерт өткізеді. Бұл туралы «Астана концерт» компаниясының продюсері Мәлік Хасенов Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Бүгін Қазақстан үшін ғана емес, тұтас Орталық Азия үшін тарихи оқиға болатын ерекше жобаны қуанышпен көрсеткім келеді. 1 тамызда «Астана Арена» стадионында әлемге әйгілі әнші Дженнифер Лопестің концерті өтеді. Ол толығымен коммерциялық негізде ұйымдастырылған, − деді Мәлік Хасенов.
Оның айтуынша, шараға 15 мыңнан астам шетелдік турист келеді деп күтіліп отыр. Қаланың экономикасына жалпы үлес 6,5 млрд теңге болса, концерттен түсетін тікелей салықтық түсімдер 400 млн теңгеден асады.
Алғашқы «А» санатындағы коммерциялық концерттің қорытындысы бойынша Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп, алдағы үш жыл ішінде 10 «А» санатындағы концерт өткізуді көздейтін оқиғалық туризмді дамыту жөніндегі стратегиялық жоспар әзірленетін болады. Басты мақсат — Астананы Орталық Азиядағы оқиғалық туризмнің басты нүктесіне айналдыру. Мемлекеттік органдардың белсенді қолдауын сұраймыз, – деді Мәлік Хасенов премьер-министр Олжас Бектеновке.
Айта кетсек, америкалық актриса және әнші Дженнифер Лопес гастрольдік сапары аясында 1 тамызда Астанада Astana Arena-да өнер көрсетеді. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі ресми парақшасына жазды.