2026 жыл қазақтың мүшел есебінде жылқы жылы деп аталады. Қамбар ата түлегін қастерлеген халқымыз үшін жылқы – киелі, айрықша мәні бар жануар. Жылқы жылы шығыс күнтізбесінде жылан жылынан кейін, қой жылынан бұрын келеді және 12 жылда бір қайталанып отырады, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Қазақ өзін «жылқы мінезді» халық деп таниды. Себебі жылқы – бауырмал, адал әрі кек сақтамайтын жануар. «Жылқы кісінескенше, адам түсініскенше» деген тәмсіл де осыдан шыққан. Ежелден ат жалында өскен ел үшін жылқы – тек көлік емес, тұтас мәдениет пен өмір салтының айнасы. Батырлар жырында тұлпар ердің серігі ретінде суреттелсе, күнделікті тұрмыста да ат мінгізу – сый-құрметтің белгісі болған. Тіпті елтаңбада да пырақ бейнесі бар.
Этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты Бабақұмар Хинаяттың айтуынша, жылқы жылы елдік рухпен, қозғалыс пен өзгеріске толы кезең ретінде сипатталады. Халық түсінігінде бұл жылда ұрыс-керіс те, үлкен істер де қатар жүруі мүмкін. Тарихта Шыңғыс ханның Орта Азияға жорығы да жылқы жылымен тұспа-тұс келгені айтылады.
Ертеде ата-бабаларымыз алыс сапарға шығу, көш-қон немесе сауда жасау секілді маңызды істерді жылқы жылына жоспарлаған. Себебі бұл жылды береке мен несібе мол болатын, еркіндік пен өр рухтың жылы деп қабылдаған.
Мамандардың айтуынша, жылқы – жасырын күші бар, динамикасы жоғары жануар. Ол адам мінезін танып, иесіне адал қызмет ете алады. Ботай мәдениеті арқылы жылқыны алғаш қолға үйреткен халықтардың бірі де – осы қазақ даласында өмір сүрген жұрт.
Қысқасы, жылқы жылы – қазақ танымында тек күнтізбедегі атау емес, тұтас тарих, рух пен мәдениеттің көрінісі.