Аймақ

20 жыл бойы лай-балшықтан көз ашпаған: Маңғыстау облысындағы ауыл тұрғындары жанайқайын айтты

17:30, 06 ақпан 2026 51

Маңғыстау облысындағы Басқұдық ауылының тұрғындары 20 жылдан бері лай-балшықтан көз ашпай келе жатқанын айтады. Қар мен жаңбыр жауса болды, көше ми батпаққа айналады екен. Соның салдарынан жұрт жұмысына, оқушылар мектебіне балшыққа батып, әзер жетіп жүргенін жеткізді. Бұл туралы КТК тілшісі хабарлады.

Маңғыстау облысы Басқұдық ауылы тұрғындары 10 жылдан бері жол мәселесін айтып келеді. Қар мен жаңбыр жауса,  ауылдың тұрмысы тұралап, көңілге мұң ұялайды, дейді олар.

Мұнайлы ауданына қарасты Басқұдық ауылында 40 мыңнан аса адам тұрады. Бәрінің тілегі бір — көшеге асфальт төселсе. Себебі, мектепке мұнтаздай қылып жіберген балаларымыз кешкісін балшыққа батып келеді дейді тұрғындар. 

"Тасты төсегеннен кейін грейдермен қырады. Одан кейін оны егістейді, асфальт төсейміз деп. 20 жылдан бері алдап келе жатыр, жыл сайын. Мына көше көтеріліп болды. Жаңбыр жауса, судың бәрі үйге кетеді. Шыны сол,  көшенің сиқын көрдіңіздер ғой. Мына ми батпақта мектеп жасындағы кішкене балалар жүре алмайды, құлап келеді, үсті-басы күнде балшық-балшық", - дейді ауыл тұрғыны Зәуреш Сатқанбаева.

Қалаға жұмысқа қатынайтын тұрғындардың да көлігі осы қара балшыққа жиі батып әлекке салады екен. Қараша халық бұл мәселені бақандай жиырма жылдан бері көтеріп келе жатсақ та, еш нәтиже болмады деп отыр. Былтыр ауыл әкімдігі 40 миллион теңгеге осы мәселенің алдын алу үшін көшеге сазды топырақ төгіпті. Содан баяғы балшықтың қалыңдығы да, халықтың соры да екі еселенген.

"Смета дайындалуда, ақша бөлінсе, істейміз деп жыл сайын айтады. Осы жолға, міне, мынаған қырық миллион теңге кетті. Қырық миллион теңгеге бір мекеме келіп, саз балшықты төгіп-төгіп кетті. Оны әкімдік қабылдап алды, қол қойып. Ақшаны аударып жіберді, алып кетті. Енді мына халық шулады, балшық аяққа жабысып қалып жатыр деп. Келді де, балшығын қырып алып кетті. 40 миллионды тағы алып кетті. Сонымен халық мынандай күй кешіп жатыр", - дейді тағы бір тұрғын Нұрлан Қарамырза.

Ауыл әкімдігі былтыр мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынып, биыл 309 млн теңгеге ауыл көшелеріне  алты шақырым жол төселгелі жатқанын айтады. Шенеуніктердің сөзінше, ауданның басқа елді мекендеріне қарағанда, Басқұдық ауылы бас жоспарсыз салыныпты.

Себебі, бұл ауыл алғашында саяжай ретінде құрылған екен.

"Басқұдық бойынша 110 көше бар. Соның қазір 30 көшесінде ғана асфальт бар. Қалған көшесінде жоба жасақталып жатыр. Жалпы облыстың даму жоспарына барлық көшелер енгізілді. Басқа ауылдарға қарағанда, бас жоспарсыз құрылған ауыл — Басқұдық. Кезінде саяжай ретінде құрылған. Осы уақытқа дейін асфальт шешімін таппаған, себебі мемлекеттік сападан қорытындысы өткен жоқ. Оң нәтиже берген жоқ. Себебі көшеміз ондай кең емес. Өз стандартына сай емес, осы уақытқа дейін", - дейді Басқұдық ауыл округі әкімінің орынбасары Айбек Жаңгелдіұлы.

Ауылдағы көшелердің жетпіс пайызы ми балшыққа шыланып жатыр. Оның бәріне тас жол төсеуге аудан бюджетінде ақша жоқ.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз