«Сен маған массың», «18-25 қайтып келмейді», «Махаббат жоқ, жоқ деме, жаным» сияқты хит әндердің авторы, композитор Нұрзат Рахатов қазір Англияда маусымдық жұмыс істеп жүр.
TikTok-та тараған шағын сұхбатында ол мұғалім болып жұмыс істегенімен айлықтың аз болғанын, жыл сайын балалы болған отбасына ақша керек болғанын айтып, қосымша табыс іздегенін жеткізді. Сөйтіп интернеттен Англияға жұмысқа шақырту көріп, кетіп қалған.
«Мені мұнда ешкім танымайды, әнші екенімді білмейді. Бірақ бос уақытымда әлі де ән жазамын», – дейді ол.
Ал оқырмандар бұған түрлі пікір қалдырған.
«Ер азамат отбасын асырауы керек, түк те ұят емес, мен қолдаймын», «Елде жұмыс жоқ болса, не істейді енді», «Дұрыс терсін. Ақша аспаннан түспейді, тер төгу керек», - деп жазып жатыр олар.