Семейде бір сыныпта оқитын екі 13 жастағы жасөспірім арасында жанжал шығып, олардың бірі ауыр жарақат алды, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Бұл туралы КТК жазды. Оқиға 10 қыркүйекте сабақтан тыс уақытта болған. №52 мектептің 9-сыныбында оқитын жасөспірімдер бұған дейін дос болып, күреспен бірге айналысқан. Алдын ала мәлімет бойынша, олардың арасындағы түсініспеушілік пышақтасуға ұласқан.
Жапа шеккен оқушының анасы ұлының ауыр жараланғаны туралы көршісінен естігенін айтты.
«Маған көршім хабарласты. Сол үйдің маңында баламның ауыр жағдайда жатқанын жеткізді. Ол көптеген пышақ жарақатын алған. Барлығы әділ шешілсе екен. Екеуінен басқа адам болмаған», – дейді жапа шеккен оқушының анасы.
Жасөспірімнің денесіне шамамен 10-15 жерден пышақ жарақаты түскен. Жарақат салдарынан оның оң жақ бүйрегі зақымданып, қан кеткен. Дәрігерлер балаға төрт сағатқа созылған шұғыл операция жасады. Қазір оның жағдайы тұрақты.
Екінші жасөспірімнің жеңіл жаралары өңделіп, ол үйіне жіберілген. Полиция аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.