Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бірінші курс студентінің қазасынан кейін бірқатар кадрлық шешім қабылданды. Университеттің проректоры пен география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы қызметінен босатылды, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Бұл туралы журналист Ришат Асқарбекұлы әлеуметтік желідегі парақшасында университеттің ресми мәлімдемесіне сілтеме жасап жазды. Оның айтуынша, қайғылы оқиғадан кейін университет басшылығы шұғыл шаралар қабылдаған. Атап айтқанда, тәрбие жұмысын тиісті деңгейде ұйымдастырмағаны, жатақханадағы қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ете алмағаны үшін басқарма мүшесі – тұрақты әлеуметтік даму жөніндегі проректор Бақытжан Омаров пен география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Әлия Ақтымбаева лауазымдарынан босатылған. Сонымен қатар оқиға болған күні жатақханада кезекшілік атқарған жауапты қызметкерлер жұмыстан шеттетілді. Олардың әрекеттеріне құқықтық баға берілмек.
«Ең алдымен ата-ана мен жақындары үшін ауыр қайғы»
Журналист Ришат Асқарбекұлы бұл жағдайға қатысты пікір білдіріп, қайғылы оқиғаны әртүрлі болжамға айналдырмауға шақырды.
«Әл-Фараби атындағы ҚҰУ-да болған жағдай бәрінен бұрын ата-ана мен студенттің жақындары үшін ауыр қайғы. Ары тартып, бері тартқанда ешкімнің ешнәрсесі кетпейді. Осы оқиғаны сан-саққа жүгіртіп жазып жатқандар да, ЖОО өкілдері де баланың туыстары сезінген күйді бастан өткермейтіні анық. Өрімдей жас жігіттің қазасына қайғырып көңіл айтамыз», – деп жазды журналист.
Ал университет әкімшілігі марқұмның отбасымен байланыста екенін және қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Қайғылы жағдайдан кейін барлық студенттік жатақханада кешкі бақылау күшейтіліп, қауіпсіздік шаралары қатаңдатылған. Сондай-ақ студенттерге кәсіби психологиялық көмек көрсету жұмыстары қолға алынған.
Студенттің өліміне қатысты күдікті ұсталды
Еске салайық, 16 қарашада ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курс студентінің қаза тапқаны белгілі болды. Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті ұсталған. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұл – соңғы он күн ішінде университетте тіркелген екінші қайғылы жағдай. Бұған дейін, 6 қарашада, журналистика факультетінің бірінші курс студенті қыздың қаза тапқаны хабарланған болатын. Бұл дерек бойынша да қылмыстық іс қозғалған. Университет әкімшілігі құқық қорғау органдарымен толық ынтымақтастық орнатып отырғанын және оқиғаның әділ әрі ашық тергелуіне мүдделі екенін жеткізді.