Қазақстанда жезөкшелік қызметтерін жарнамалаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы бар деген күдікпен Өзбекстан азаматшасы Грузиядан экстрадицияланды. Әйелге 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz Бас прокуратураның ресми мәліметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері Қазақстанның Грузиядағы елшілігінің көмегімен халықаралық іздеуде жүрген күдіктіні елге жеткізді. Тергеу мәліметінше, әйел ұйымдасқан қылмыстық топтың басқа мүшелерімен бірге «Kyzdar.net» интернет-ресурсында жыныстық сипаттағы қызмет көрсететін адамдардың сауалнамаларын ақылы түрде жарнамалауға және ілгерілетуге қатысқан.
Атап айтқанда, күдікті сайтта орналастырылған сауалнамалардың шоттарын толықтыруға өтінімдер қабылдаған. Бұл қаражат қызмет көрсетушілердің жарнамасын жүргізуге жұмсалған. Қылмыстық топ мүшелері түскен ақшаның белгілі бір бөлігін комиссия ретінде алып, қалған соманы сайт әкімшілеріне аударып отырған. Бас прокуратураның мәліметінше, осындай қаржылық схема арқылы күдіктілер жеңгетайлыққа бағытталған заңсыз қызметтің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз еткен.
Белгілі болғандай, аталған ұйымдасқан қылмыстық топтың бірқатар мүшесі бұған дейін сотталып, әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған. Ал кейбір күдіктілер, соның ішінде Өзбекстан азаматшасы да құқық қорғау органдарынан жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланған. Әйел биыл шілде айында Грузия аумағында ұсталған. Кейін Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Егер кінәсі сотта дәлелденсе, әйелдің мүлкі тәркіленіп, өзі 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.