Венесуэла Ұлттық ассамблеясының президенті Хорхе Родригестің мәліметінше, табиғи апаттан 920 адам қаза тауып, 3360 адам түрлі жарақат алған. Кемінде 172 адам әлі де үйінділер астында қалып отыр, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
БҰҰ-ның бағалауынша, 50 мыңнан астам адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Елдегі ауруханалар шамадан тыс жүктемемен жұмыс істеп жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, зілзалаға дейін-ақ Венесуэланың денсаулық сақтау жүйесінде дәрі-дәрмек пен медициналық құралдардың тапшылығы байқалған.
Табиғи апаттан ең көп зардап шеккен Ла-Гуайра штатындағы құтқару жұмыстарын үйлестіру міндеті әскери құрылымдарға жүктелді.
БҰҰ мәліметіне сәйкес, іздеу-құтқару операцияларына мыңнан астам халықаралық маман қатысып жатыр. Венесуэлаға Швейцария, Мексика, Испания және Латын Америкасы елдерінен құтқарушылар келді. Сонымен қатар Италия, Чехия, Франция, Германия, Люксембург, Португалия және Нидерланд өз іздеу-құтқару жасақтарын жіберуде.
АҚШ көмек көрсету жұмыстарын үйлестіру үшін жоғары лауазымды әскери өкілін аттандырса, Ұлыбритания дрондармен, кинологтармен және арнайы іздеу-құтқару топтарымен жабдықталған Voyager әскери ұшағын жіберді.
АҚШ Геологиялық қызметінің (USGS) мәліметінше, екі жер сілкінісі сәрсенбі күні арасына бір минутқа жетер-жетпес уақыт салып тіркелген. Мамандар екінші жерасты дүмпуін 1900 жылдан бергі елдегі ең қуатты жер сілкінісі деп бағалап отыр. Одан кейін 214 афтершок тіркелген.
Соған қарамастан, құтқару жұмыстары жалғасуда. Хорхе Родригестің айтуынша, жұма күні үйінділер астынан ондаған адам тірідей құтқарылған.