Дубайдан Тель-Авивке бағыт алған Flydubai ұшағында төтенше жағдай болды. Израиль билігінің мәліметінше, екінші ұшқыш әуе кемесінің капитанына шабуыл жасап, ұшақты құлатуға әрекеттенген. Жолаушылар мен экипаж оны тоқтатып, ұшақ Сауд Арабиясына шұғыл қонды, деп хабарлады Вairaqmedia.kz
Оқиға FZ1073 рейсінде болған. Reuters мәліметінше, екінші ұшқыш капитанға пышақпен жарақат салғаннан кейін әуе кемесі 30 секундқа жетпейтін уақытта шамамен 14 мың футқа, яғни 4,2 шақырымнан астам биіктікке төмендеген.
Жолаушылар мен экипаж мүшелері кабинаға кіріп, екінші ұшқышты тоқтатқан. Бортта болған Flydubai компаниясының тағы екі ұшқышы әуе кемесін басқаруды қолға алып, Сауд Арабиясының Табук қаласына қауіпсіз қондырған.
Ұшақта 174 адам болған. Кейін жолаушылар басқа әуе кемесімен Тель-Авивке жеткізілді. Сауд Арабиясының билігі күдіктіні ұстаған.
Flydubai оқиғаның нақты себептері мен мотиві әзірге анықталмағанын мәлімдеп, тергеу аяқталғанға дейін болжам жасамауға шақырды.
Оқиғадан кейін Израиль елге ұшатын әуе кемелерінің пилоттарына қатысты қауіпсіздік тексерулерін күшейтетінін хабарлады.