$ 440.86
€ 500.77
₽ 5.27

Сот – шындықты толық анықтау жағында: Ұлдана Мырзуанның ісі прокурорға қайтарылды

Редактор
01.10.2026, 18:07
bairaqmedia.kz
bairaqmedia.kz
Ұ. Мырзуанның қазасына қатысты қылмыстық іс бойынша сот тергеуі өтті

Фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына байланысты қаралып жатқан қылмыстық іс шеңберінде сот істің барлық мән-жайын толық, жан-жақты және объективті зерттеуге бағытталған процестік шараларды жүзеге асырып жатыр, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.

Сот талқылауы барысында тараптарға өз ұстанымдарын білдіруге, дәлелдемелер ұсынуға және заңда көзделген процестік құқықтарын іске асыруға тең мүмкіндік берілді.

Кезекті сот отырысында айыпталушы Сәуле Жұбаниязованың соңғы сөзі тыңдалуы жоспарланған болатын. Алайда жәбірленуші тараптың өкілі сот тергеуін қайта бастау туралы өтінішхат мәлімдеді.

Өтінішхаттың негізі ретінде Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотында жәбірленуші өкілінің құрылыс салушыға және тұрғын үй кешеніне қатысы бар өзге де тұлғаларға қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы қаулыға берген шағымының қаралып жатқаны көрсетілді.

Жәбірленуші тараптың пікірінше, аталған шағым бойынша қабылданатын процестік шешім қылмыстық құқық бұзушылықтың мән-жайларын неғұрлым толық анықтау үшін маңызға ие болуы мүмкін.

Осыған байланысты сот іс бойынша түпкілікті шешім қабылдағанға дейін тараптардың барлық уәждері мен істің нәтижесіне ықпал етуі ықтимал мән-жайлардың тиісті құқықтық бағасын алуын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қабылдады.

Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Сәуле Жұбаниязованы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 254-бабы бойынша кінәлі деп танып, оған екі жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұраған.

Сонымен бірге прокурор сотталушыны үш жыл мерзімге кондоминиум объектілерін басқаруға байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыруды және пробациялық бақылау белгілеуді ұсынды.

Еске салайық, 2025 жылғы 18 қарашада фельдшер Ұлдана Мырзуан қызмет барысында қаза тапқан еді. Сол күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оның ерлігін жоғары бағалап, марқұмды «Ерлігі үшін» медалімен марапаттау туралы шешім қабылдады.

Ұлдана Мырзуанның есімін ұлықтау мақсатында кейін елордадағы медициналық колледждердің біріндегі оқу аудиториясына оның есімі берілді. Сондай-ақ Жетісай ауданы Ж. Ералиев ауылдық округіне қарасты Үтіртөбе елді мекенінде мемориалдық тақта ашылып, фельдшер тұрған үйге де ескерткіш тақта орнатылды.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау