Шымкентте қызды ұрлап әкету және оны тұрмысқа шығуға мәжбүрлеу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алайда айыпталушы Нұрсұлтан Жолдыбайдың туыстары қыздың өз еркімен келгенін айтып отырү, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Олардың айтуынша, жастар шамамен тоғыз ай бойы кездесіп жүрген және үйленуді жоспарлаған. Жігіттің туыстарының мәлімдеуінше, қыз Нұрсұлтанды Шымкентке өзі шақырған. Сол жерде жігіт оған үйленуге ұсыныс жасағаннан кейін, қыз онымен бірге Қарсақпай ауылына барған.
Кейін қыздың ата-анасы оны алып кетуге келген. Айыпталушының туыстарының нұсқасы бойынша, оқиға орнына келген полицейлерге қыз бастапқыда кәмелетке толғанын және өз еркімен келгенін айтқан. Алайда қыздың өзі бұл нұсқаны жоққа шығарып, оны еркінен тыс алып кеткенін мәлімдеген. Оқиға бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, қызды некеге тұруға мәжбүрлеу әрекеті фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«Алдын ала мәлімет бойынша, арызданушыны қаладағы демалыс орындарының бірінен еркінен тыс алып кетіп, некеге тұруға мәжбүрлеуге әрекет жасаған. Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде екі күдіктінің жеке басы анықталды. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», — деп хабарлады полиция.