Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету – бүгінде мемлекеттік саясаттың ғана емес, бүкіл қоғамның басты басымдығына айналды. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы жай ғана тазалық науқаны емес, бұл – ұлттың жаңа мәдени кодын, қоршаған ортаға деген жауапкершілігін қалыптастыратын ауқымды идеологиялық ұстаным. Ұлытау облысында бұл тұжырымдаманы іске асыру жұмыстары асқан жүйелілікпен және нәтижелі жүргізіліп келеді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Ұлытау өңірінде «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы ұзақ мерзімді жоспарларға негізделген. Арнайы бекітілген 2029 жылға дейінгі іс-қимыл жоспарына сәйкес облыс аумағында 43 ірі іс-шараны жүзеге асыру көзделіп отыр.
Мемлекеттік бағдарламаның тиянақты орындалуының айқын дәлелі ретінде өткен жылғы көрсеткіштерді айтуға болады: 2025 жылға жоспарланған 34 іс-шараның 32-сі толығымен орындалып, қалған 2 жоба өтпелі ретінде биыл да сәтті жалғасын табуда. Бұл бағыттағы барлық жұмыстардың сапалы әрі уақытылы атқарылуы ай сайынғы қатаң мониторинг арқылы бақылауда тұр.
Бағдарламаның негізгі өзегі – халықтың экологиялық мәдениетін арттыру және заманауи инфрақұрылымды қалыптастыру. Бүгінде өңірдегі адамдар көп жиналатын орындарда, саябақтар мен көшелерде арнайы экобокстар мен фандоматтар орнату жұмыстары қолға алынған. Бұл қалдықтарды сұрыптауды күнделікті әдетке айналдыруға септігін тигізеді. Сонымен қатар, экологиялық бастамаларға бизнестің де белсенді араласуы маңызды. Осы мақсатта кәсіпкерлер арасындағы дәстүрлі «Парыз» конкурсының аясында «Экологияға қосқан үлесі үшін» арнайы номинациясы қарастырылып, табиғат жанашырларына қолдау көрсетілуде.
Өңірдегі экологиялық қозғалыстың ауқымы мен халықтың белсенділігін нақты статистикалық деректерден көруге болады. Өткен жылы облыс көлемінде 13 облыстық және 17 қалалық ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Бұған қоса, «Таза бейсенбі» акциясы дәстүрлі сипат алып, тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Жалпы алғанда, абаттандыру және тазалық жұмыстарына 87 мыңға жуық аймақ тұрғыны өз еркімен қатысып, 1423 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Осындай бірлескен еңбектің нәтижесінде өңірден 8 мың тоннадан астам қоқыс шығарылып, заңсыз төгінділер жойылды. Экологиялық балансты сақтау мақсатында 27 мыңнан астам жас ағаш көшеті отырғызылды.
Сонымен қатар бүгінде Ұлытау облысында республикалық акцияның жаңа кезеңіне бастау беретін «Таза өлке – таза жер» бастамасы қолға алынды. Жезқазған қаласының жастары мен эко-волонтерлары бұл іс-шараға біркісідей атсалысып, қала көшелерін абаттандыруға өз үлестерін қосуда. Өңірде тек қоқыс тазалаумен шектелмей, «Таза жағалау», «Таза аймақ», «Мөлдір бұлақ», «Туған жер – алтын бесігім», «Жер сағаты», «Таза қала», «Үлгілі ауыл» сияқты сан салалы экологиялық жобалар қатар атқарылып жатыр. Сонымен қатар, «ProEko» экологиялық жобалар байқауы мен «Табиғатты аяла» атты жас өлкетанушылар мен экологтардың форумы өтіп, бұл бағыттың ғылыми-тәрбиелік сипаты да күшейтілді.
«Таза Қазақстан» тұжырымдамасының басты құндылығы – оның болашақ ұрпаққа берер тәрбиесінде. Осы мақсатта аймақтағы колледждер мен оқу орындарында «Қоршаған ортаға қамқорлық – ортақ парыз» тақырыбында арнайы экосағаттар мен «Қоқысты азайту, сұрыптау және қайта өңдеу» тақырыбында волонтерлармен кездесулер тұрақты ұйымдастырылады. Жастар арасында әлеуметтік желілерде #ТазаҚазақстан хэштегімен «Өзіңнен баста» атты акция кеңінен таралды. Бұл шаралар жас ұрпақтың санасында «тазалық – көше сыпыру емес, тазалық – қоқыс тастамау және табиғатты аялау» деген берік қағиданы қалыптастыруға бағытталған.
Қорыта айтқанда, Ұлытау облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыру – халықтың өмір сүру сапасын арттырудың, өңірді тұрақты дамытудың басты құралына айналды.
2026 жылға арналған жоспарға сәйкес тағы 34 ауқымды іс-шара қарастырылған және олар бүгінде кезеңімен орындалып жатыр.