Ақмола облысының Зеренді ауданына қарасты Айдарлы ауылында Мәсіп Батырханұлы атындағы халықаралық «Қансонар-2026» құсбегілік турнирі жалғасуда. Бүгін жарыстың бүркіттер арасындағы екі кезеңі өтіп, қатысушылар қыран баптаудағы шеберліктерін көрсетті. Турнирдің қорытынды нәтижелері ертең жарияланады, деп хабарлады Bairaqmedia.kz.
Халықаралық додаға Қазақстанның тоғыз өңірінен, сондай-ақ Түркия, Моңғолия және Ресейден келген құсбегілер қатысуда. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жарысқа 50 қатысушы тіркелген. Сайысқа 49 бүркіт, 15 ителгі және 10 қаршыға әкелінген. Бүгін бүркіттер арасындағы «Қолға шақыру» және «Түлкіге салу» кезеңдері өтті. Ертең ителгі мен қаршыға бағыттары бойынша жарыстар ұйымдастырылады.
Халықаралық дәрежедегі төреші Марат Қойшиннің айтуынша, биылғы турнирге тәжірибелі құсбегілермен қатар, Азия және әлем чемпиондары, сондай-ақ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері қатысып жатыр. Оның сөзінше, жарыстың халықаралық ауқымы ұлттық құсбегілік өнерге деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.