$ 452.59
€ 507.67
₽ 5.48

«Бес күн өмір үшін күресті»: СҚО-дағы жол апатынан тағы бір тәрбиеші көз жұмды

Редактор
20.10.2026, 21:16
Ашық дереккөз
Ашық дереккөз
Апат кезінде көліктегі үш әйел алған жарақаттарынан көз жұмған

Солтүстік Қазақстан облысында балабақша қызметкерлері мінген көлік ауыр жол апатына ұшырап, үш әйелдің өмірін қиған қайғылы оқиғадан кейін тағы бір адам көз жұмды. Бес күн бойы жансақтау бөлімінде жатқан 57 жастағы тәрбиеші 20 қазан күні ауруханада қайтыс болды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сілтеме жасап.

Қайғылы хабарды Солтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасы растаған. Әйел жол апатынан кейін Тайынша ауданаралық ауруханасына жеткізіліп, ауыр халде жансақтау бөліміне жатқызылған.

Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін алты сағатқа созылған күрделі ота жасаған. Кейін науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Алайда медицина қызметкерлерінің барлық күш-жігеріне қарамастан, алған жарақаттары салдарынан әйелдің өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.

Еске салайық, жол апаты 15 қазан күні таңғы сағат 08:00 шамасында Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданына қарасты Кременчуг ауылының маңында, Петропавл – Көкшетау тасжолында болған.

Полицияның ресми мәліметінше, жолда үш жеңіл автокөлік пен екі КамАЗ жүк көлігі соқтығысқан. Соққы салдарынан Audi автокөлігі екі жүк көлігінің арасында қысылып, қатты зақымданған.

Апат кезінде көліктегі үш әйел алған жарақаттарынан көз жұмған. Кейін олардың Жамбыл ауданындағы балабақша меңгерушісі мен екі тәрбиеші екені анықталды. Ал ауыр жарақат алған тағы бір тәрбиеші мен 20 жастағы жүргізуші ауруханаға жеткізілген болатын.

Қазір Audi көлігінде болған бес адамның төртеуі қайтыс болды. Жалғыз аман қалған 20 жастағы жүргізуші аурухананың хирургия бөлімінде ем қабылдап жатыр.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жас жігіттің миы шайқалған. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты, ауырлығы орташа деп бағалап отыр.

Бұған дейін облыстық білім басқармасы балабақша қызметкерлерінің сапары жеке мақсатта болғанын және қызметтік міндеттерін орындаумен байланысты емес екенін хабарлаған.

Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті жол-көлік оқиғасына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Апаттың нақты себептері мен мән-жайын анықтау үшін тиісті сараптамалар тағайындалған.