Астаналық фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысында қайғылы оқиға болған үйдің ауласындағы бейнебақылау камераларына жазылған кадрлар зерттелді, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Сотта көрсетілген видеодан ғимарат қасбетінің бөлшектері құлаған сәтті көруге болады. Құрылыс бөлшектері төменге құлағаннан кейін аула іші қалың шаңға оранып, бейнебақылау камерасының көрінісі уақытша жабылып қалған.
Сондай-ақ камераға оқиға орнына жедел жәрдем көлігінің келген сәті де түсіп қалған.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша бірнеше куәгерден ғана жауап алу қалған. Осыған байланысты сот іс материалдарын, оның ішінде оқиға орнындағы бейнежазбаларды зерттеуге кірісті.
Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Саяжан Серікова видеодағы маңызды жайтқа назар аударды.
«Шаңның көтеріліп, сыртқы бейнебақылау камерасының көрінісін жауып тастағанын көре аламыз. Бұл – ауладан түсірілген камера», – деді прокурор.
Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр.