Қазақстанда Өзбекстан азаматы, Мақсұт Нәрікбаев университетінің Халықаралық экономика мектебінің профессоры Икболжон Корабоевтың қамауда отырғаны хабарланды. Ол тыңшылық жасады деген күдікке ілінген, деп хабарлады Вairaqmedia.kz BBC News Uzbek басылымына сілтеме жасап хабарлады.
БАҚ мәліметінше, 46 жастағы Корабоев 3 шілдеде Астанадағы үйінде ұсталған. Жақындарының айтуынша, оған Қазақстан Қылмыстық кодексінің 176-бабы – тыңшылық бойынша күдік келтірілген. Істің нақты мән-жайы әзірге ресми түрде жарияланған жоқ.
Профессордың туыстарының бірі ұстау кезінде құқық қорғау органдары Өзбекстан консулдығының қызметкеріне ақпарат беру туралы айтқанын мәлімдеген. Алайда Корабоевтың қай мемлекеттің мүддесіне әрекет етті деген күдікке ілінгені белгісіз.
Отбасы жалдаған адвокаттың профессорға әлі кіре алмағаны да айтылады. Қорғаушыға іс материалдарымен танысу үшін ҰҚК рұқсаты қажет екені хабарланған. Осыған байланысты отбасы мемлекеттік органдардан адвокатты қамаудағы азаматқа жіберуді сұраған.
BBC университетке, Қазақстанның мемлекеттік органдарына және Өзбекстан өкілдеріне сауал жолдағанымен, материал жарияланған сәтте жауап алмаған.
Корабоев Астанада әйелі және үш баласымен бірге тұрған. Ол халықаралық қатынастардан сабақ беріп, стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбаларды зерттеген. Профессордың ұсталуы оның ғылыми зерттеулерімен байланысты ма, әзірге белгісіз.