$ 471.45
 547.21
 6.63

Түркістан агротехнология орталығына айналып жатыр

Редактор
08.05.2026, 13:32
Фото: дереккөз
Фото: дереккөз
Өңірде су үнемдеу технологияларын шығаратын 4 зауыт жұмыс істейді

Бүгінгі таңда жаһандық климаттың өзгеруі мен трансшекаралық су көздеріне тәуелділік мәселесі Орталық Азия, оның ішінде Қазақстанның оңтүстік өңірлері үшін басты сын-қатердің біріне айналды. Бұл ретте Түркістан облысы су үнемдеу технологияларын енгізуде көш бастап отыр, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Қазіргі су тапшылығы жағдайында ауыл шаруашылығын ескі әдіспен жүргізу – уақытты да, ресурсты да босқа шығындау деген сөз. Сондықтан суды есепсіз жұмсаудан оны қатаң үнемдеуге, яғни заманауи агро-технологияларға көшу – бүгінгі күннің басты талабы. Бұл бағытта еліміздің негізгі аграрлық аймағы саналатын Түркістан облысы көш бастап, республиканың нағыз инновациялық драйверіне айнала бастады. 

Өңірдің агроөнеркәсіптік кешені ел экономикасында стратегиялық маңызға ие. Еліміздегі ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің шамамен 13 пайызы тек осы өңірде өндіріледі. Әсіресе, суармалы егіншіліктің деңгейі өте жоғары. Қазақстандағы жалпы суармалы жерлердің төрттен бір бөлігі, яғни 554 мың гектардан астам құнарлы алқап дәл осы Түркістан топырағында орналасқан. Бұл – өңірдің орасан зор аграрлық әлеуетін ғана емес, сонымен бірге оның иығына түсетін үлкен экологиялық әрі су ресурстық жауапкершілікті де көрсетеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ауыл шаруашылығында суды үнемдейтін озық технологияларды жедел енгізуді шегелеп тапсырған болатын. Президент міндеттеген меже бойынша, елімізде су үнемдеу жүйелерінің қолданылу аясын жыл сайын 150 мың гектарға дейін ұлғайту қажет. Бұл стратегиялық тапсырманы орындауда Түркістан облысы жүйелі және кезең-кезеңімен ілгерілеушілік көрсетіп келеді.

Өңірдегі ең үлкен жетістік – бұрын Қазақстан шетелден қымбатқа сатып алатын суару қондырғыларының енді өзімізде өндіріле бастауы. Жаңбырлатып суару машиналарын шығаратын еліміздегі ең тұңғыш зауыт дәл осы Түркістан облысында іске қосылған болатын. Бүгінгі таңда бұл серпін бәсеңдеген жоқ, керісінше өңірде жаңа технологияларды шығаратын 4 бірдей ірі кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Олар: «BNK GROUP LTD» ЖШС, «KAZ KIOTI» ЖШС, «ХИНЖИН Ирригейшн» ЖШС және «TURAN SU» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны.

Жалпы құны 25,7 миллиард теңгені құрайтын бұл іргелі жобалардың Қазақстанның агросаласы үшін маңызы баға жеткісіз. Біріншіден, бұл зауыттардың жылдық өндірістік қуаттылығы 163 мың гектар алқапты заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Оның ішінде 73 мың гектарға тамшылатып суару және 90 мың гектарға жаңбырлатып суару технологияларын енгізуге толық жағдай жасалған. Отандық өндірістің жолға қойылуы шаруалар үшін техниканың бағасын қолжетімді етіп, логистикалық шығындарды азайтты.

Қазірдің өзінде облыста су үнемдеу технологиялары енгізілген алқап көлемі 114 мың гектарға жетіп, жалпы суармалы жерлердің 20 пайызын қамтып отыр.Сонымен қатар Өңірде өндірістік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары белсенді жалғасуда.

Жақын арада қосымша құны 6 миллиард теңгені құрайтын, тағы 30 мың гектар алқапты қамти алатын екі кәсіпорынды іске қосу жоспарланған. Бұл қадамдар отандық фермерлердің заманауи технологияларға қолжетімділігін арттырып, өндіріс тиімділігін бірнеше есеге арттырады.

Су үнемдеу технологияларының берер пайдасы тек қағаздағы сандар емес, шаруаның қалтасына түсетін нақты табыс. Инновациялық суару әдістері ағын суды 1,5–2 есеге дейін үнемдеуге мүмкіндік берсе, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін 2–3 есеге дейін арттырады. Яғни, аз су жұмсап, көп өнім алу формуласы іс жүзінде орындалып жатыр. Дәл осы тиімділіктің арқасында бұл бағыт облыстың аграрлық саясатының ең басты басымдығы ретінде айқындалды.

Өткен жылы оңтүстік аудандарда су тапшылығының өткір сезілуі бұл жұмысты барынша жеделдету керектігін анық көрсетті. Трансшекаралық каналдардың суына телміріп отырмай, өз ішкі ресурсымызды тиімді басқару үшін облыста жыл сайын кемінде 50 мың гектар жерге су үнемдеу жүйелерін енгізу міндеті тұр. Осыған байланысты, әсіресе су тапшылығынан көп зардап шегетін Мақтаарал, Жетісай және Шардара аудандарының әрқайсысына 8 мың гектардан нақты жоспар белгіленді. Қазіргі уақытта облыс бойынша 34 мың гектар алқапта су үнемдеу қондырғыларын орнату жұмыстары қызу жүріп жатыр.

Мемлекет бұл маңызды реформаларды тек қаулылармен ғана емес, нақты қаржымен қолдап отыр. Аталған бастамаларды жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 31,3 миллиард теңге қарастырылған. Бұл қомақты қаржы агроөнеркәсіптік кешенді түбегейлі жаңғыртуға, су ресурстарын тиімді басқаруға және ең бастысы – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға жұмсалады.

Қорыта айтқанда, Түркістан облысында су үнемдеу технологияларын кеңінен өндіру мен енгізу – жай ғана экологиялық талап емес. Бұл – еліміздің ауыл шаруашылығын жаңа сапалық деңгейге көтеретін, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін үлкен ұлттық жоба.

Өңірде қолға алынған осы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта Қазақстанның аграрлық секторын су тапшылығы қатерінен қорғап, Түркістанды заманауи технологиялардың бас орталығына айналдыруды көздейді.