$ 471.45
 547.21
 6.63

Жезқазғандағы тоқыма фабрикасы мемлекет меншігінде қалады

22.05.2026, 13:10
Ұлытау облысы әкімдігі
Ұлытау облысы әкімдігі
«Ұлытау» ӘКК» АҚ мен «SRT Construction» ЖШС арасында бірлескен қызмет туралы шарт жасалды.

Жезқазған қаласындағы ұзақ жылдар бойы бос тұрған тоқыма фабрикасының ғимараты кәсіпкердің қатысуымен жаңғыртылғанымен, нысан толықтай мемлекет меншігінде қалады.

Бұл туралы Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Нұртас Кәріпбаев өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді.

Оның айтуынша, нысанды қайта іске қосу мақсатында 2025 жылғы 21 шілдеде ресми хабарландыру жарияланып, жергілікті кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізілген. Алайда алғашқы екі апта ішінде жобаға қызығушылық танытқан инвестор болмаған.

Тек 2025 жылғы 8 тамызда «SRT Construction» ЖШС тарапынан жобаға қатысу ниеті туралы ресми хат келіп түскеннен кейін ұйымдастыру және дайындық жұмыстары басталған.

Нәтижесінде «Ұлытау» ӘКК» АҚ мен «SRT Construction» ЖШС арасында бірлескен қызмет туралы шарт жасалды. Келісімге сәйкес, жоба құнының 15 пайызын инвестор, ал 85 пайызын «Ұлытау» ӘКК» АҚ қаржыландырады. Сонымен қатар инвесторға 1 миллиард теңге көлемінде инвестиция тарту міндеті жүктелген.

– Шарт талаптарына сәйкес, инвестор мен «Ұлытау» ӘКК» АҚ нысанды 2030 жылға дейін бірлесіп басқарып, қызмет көрсетеді. Осы кезеңде ғимарат толықтай «Ұлытау» ӘКК» АҚ балансында сақталады, – деді Нұртас Кәріпбаев.

Әкімдік мәліметінше, бес жылдық мерзім аяқталған соң инвестор жоба аясындағы қызметін тоқтатады. Ал нысанға меншік құқығы өзгеріссіз мемлекет балансында қалады.