$ 471.45
 547.21
 6.63

Түркістан облысы қысқа мерзімді экономикалық өсім бойынша республика бойынша алда келеді

Редактор
22.05.2026, 15:10
Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Өңір экономикасына салынған 470 миллиард теңге инвестиция жемісін беріп жатыр 

Түркістан облысында әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы жүйелі жұмыстар нақты нәтижесін бере бастады. Соңғы жылдары инфрақұрылымды жаңғырту мен инвестиция тартуға басымдық берген өңір 2026 жылдың алғашқы төрт айын үлкен жетістікпен қорытындылады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Нақтырақ айтсақ, биылғы жылдың қаңтар-сәуір айларының нәтижесі бойынша облыс экономикасында тұрақты оң динамика сақталып қана қоймай, аймақ республикалық деңгейде айрықша көрсеткішке қол жеткізді. Қысқа мерзімді экономикалық өсім 125,2%-ды құрап, Түркістан облысы республика бойынша басқа өңірлерді артқа тастап, сенімді түрде 1-орынға шықты.

Бұл маңызды көрсеткіштер мен аймақтың даму қарқыны облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектің төрағалығымен өткен алқалы жиында жан-жақты талқыланды.

Күн тәртібінде әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен бюджеттің атқарылуы бойынша көрсеткіштер сараланып, алдағы міндеттер айқындалды. Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары қол жеткізілген табыстарды тұрақтандыру керектігін айтып, жауапты тұлғаларға жұмысты бұдан былай да күшейтуді міндеттеді.

«Тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізу мақсатында инвестициялық жобаларды іске асыру, құрылыста әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін салу шаралары оң үлесін қосады. Сол себептен, өңірлер кесіндісіне декомпозицияланған жоспардың орындалуын қамтамасыз ету қажет. Әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында жоспарланған межеге қол жеткізу үшін тиісті жұмыстар атқаруды тапсырамын. Республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаржылардың мерзімінде және сапалы игерілуін қамтамасыз етіңіздер», – деді Қанат Қайыпбек жауапты басқарма басшыларына.

Өңірдегі экономикалық серпілістің негізгі қозғалтқыш күші – өнеркәсіп пен инвестиция ағыны болып отыр. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Күмісбек Жаппардың мәлімдеуінше, есепті кезеңде өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 571,7 миллиард теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім қарқынының 133%-ды құрағанын көрсетеді. 

Әсіресе, шикізатқа тәуелділікті азайтатын өңдеу өнеркәсібінде жоғары өсім байқалады. Бұл секторда 272,7 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 156,5% деңгейінде қалыптасты.

Сонымен қатар, тау-кен өндірісі де кенже қалмай, 244,7 миллиард теңгеге жетіп, 117,6%-дық өсіммен жоспарды толық орындады.

Түркістан – ежелден еңбекқор шаруалардың мекені, елдің негізгі азық-түлік белдеуі. Сәуір айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласында 205,9 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім қарқыны 111,3%-ды құрады. Көктемгі дала жұмыстарының тиімді ұйымдастырылуы бұл саланың дамуына соны серпін берді.

Экономиканың ұзақ мерзімді тұрақтылығын айқындайтын басты фактор – капитал салымдары. Жыл басынан бері облыстың негізгі капиталына 470,2 миллиард теңге инвестиция бағытталған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 157,4%-ға көп. Инвестициялардың басым бөлігі жаңа кәсіпорындар ашуға, жұмыс орындарын құруға және құрылыс саласына бағытталып жатыр. Осының арқасында құрылыс жұмыстарының көлемі де артып, 95,8 миллиард теңгені құрады (өсім – 110,3%).

Экономикалық белсенділіктің артуы аймақтың бюджетін толтыруға септігін тигізді. Облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Гульфари Ажиметованың айтуынша, 2026 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша облыс көлемінде түсімдер жоспары 105%-ға орындалған. Нәтижесінде бюджетке жоспардан тыс 22,7 миллиард теңге қосымша қаржы түсті. Ең маңыздысы – бұл жоспардың артығымен орындалуы сырттан келген трансферттер емес, өңірдің өзіндік кірістерінің есебінен, яғни жергілікті бизнестің дамуы мен салық базасының кеңеюі арқылы қамтамасыз етілген.

Жалпы алғанда, Түркістан облысындағы бұл жоғары көрсеткіштер – жүйелі реформалар мен тиімді менеджменттің жемісі. Мемлекет қаржысының сапалы әрі мерзімінде игерілуі, ішкі өндірістің қолдау табуы алдағы уақытта да облыстың даму үрдісін бәсеңдетпей, халықтың әл-ауқатын арттыруға қызмет ететіні сөзсіз. Түркістан бүгінде тек мәдени-рухани орталық қана емес, ел экономикасын алға сүйрейтін қуатты локомотивке айналып жатқанының дәлелі.