Танымал әнші Жазира Байырбекова отау құрған алғашқы жылдары күйеуі Жанболат бірнеше рет қол жұмсағанын ашып айтты, деп жазады bairaqmedia.kz.
«Бір жылдары әйелін ұру сән болып кетіп еді ғой», деген әнші үйдің кенже қызы болып, еркелігінің кесірінен қорлық көргенін «Ұят емес» бағдарламасында бөлісті.
«Өтірік айтпай-ақ қояйын, таяқ жедім. Бірақ, көп емес, 2-3 рет. Үйдің еркесі едім, бетімнен қақпай өсірді. Сол мінезіммен жолдасыма қарсы сөйлеймін деп тілімнен таптым. Ал қазір ол тілді қалай жайғастыруға болатынын біліп алдық», - деді әнші.
Өнер иесі өткен өмірін бұлайша жеңіл айта салудағы себебін былайша түсіндірді.
«Қазір ажырасу өте көп. Бір келіншек құрбысына «маған қол жұмсады ғой, білесің бе» деп жарияға жар салады. Оған құрбысы «бір ұрған еркек қайта ұрады, құрысын, ажырас» деп кеңес береді. Осының салдарынан жарының бір ұрғаны үшін екі айырылп кетіп жатқандар бар. Әрине, бұл ұрғанға шыдап жүре беру керек дегенім емес, отбасы болған соң түрлі жайттар болып жатады», - деді ол.
Оқырман әншінің бұл әңгімесіне түрлі пікір қалдырды.
«Тыңдағанға да бір түрлі екен. Дұрыс емес негізі», «Жүргізуші ханым неге отқа май құйып отыр, отбасы болған соң болады бәрі де», «Атқа байлап өлтірген қызда шыдаған.Қандай мода, не деп отыр», «Ұру ол ешқашан дұрыс нәрсе болмаған болмайды да, бір шапалақ түгілі түртпектеп отырудың өзі дұрыс емес», «Лағып кетті Жазира. Ондай нәрсені мәз болып несіне айтып мәз», - деп жазып жатыр олар.