$ 469.71
 536.17
 6.01

Тікелей эфирдегі масқара: Боқаевты қорғаймыз деген белсенділер өткір сұрақтан қашып құтылды

Редактор
16.07.2026, 18:49
ашық дереккөз
ашық дереккөз
Ұйымдастыру жағындағы олқылықтар іс-шара басталмай жатып-ақ байқалды. 

«Санжар Боқаевты Құрылтай сайлауы аясында қылмыстық қудалау. Мәлімдеме» деген айқайлаған тақырыппен өткен баспасөз мәслихатынан жұрт ақпараттық жаңалық күткен еді, деп хабарлады Bairaqmedia.kz.

Алайда, қылмыстық істің ақ-қарасын ашады деген спикерлер БАҚ өкілдерінің өткір сауалдарына мүлдем дайын болмай шықты. Жиын ашық диалог емес, мінбердегілердің өзін-өзі жарнамалау алаңына айналып кеткендей әсер қалдырды.

Ұйымдастыру жағындағы олқылықтар іс-шара басталмай жатып-ақ байқалды. Басты спикерлердің бірі, бұрынғы адвокат Мұрат Адам баспасөз мәслихатына мүлдем келген жоқ. Қоғам белсендісі Әлнұр Ілияшев оның шетелге шұғыл емделуге кеткенін айтып, «ол жақта интернет нашар» деген желеумен әріптесінің әрекетін ақтап алуға тырысты. Ал екінші спикер ретінде таныстырылған Владимир Дворецкий журналистермен тек қашықтан, онлайн байланысқа шығуды жөн көріпті.

Жиын барысында іс материалдарына қатысты нақты әрі жан-жақты талдау жасалады деген үміт те ақталмады. Фактілердің орнына спикерлер жалпылама сөзден аса алмады. Мәселен, Әлнұр Ілияшев уақыттың басым бөлігін философиялық ой-толғауларға, кітап оқуға кеңес беруге және өз әулетінің шежіресін баяндауға арнады.

Ал Владимир Дворецкий Санжар Боқаевтың биылғы ақпан айында АҚШ-тан жолдаған ескі аудиохабарламасын тыңдатумен шектелді. Ол жазбада Боқаев саясаттан шаршағанын айтып, әлеуметтік желідегі өзіне жазылған жағымсыз пікірлерге шағымданған екен.

Журналистер қауымы Боқаевтың 2015-2017 жылдары «ҚазТрансГаз» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі болып тұрған кездегі қаржы жымқыру ісіне қатысы бар-жоғын сұрап, жауап алуға тырысты. Бірақ Әлнұр Ілияшев «тергеу құпиясы» дегенді алға тартып, бұл сауалдардан сырғақтап кетті.

Ең қызығы – тергеуге ілінген Боқаевтың атындағы қымбат автопаркке қатысты сұрақ қойылған кезде болды. Журналистер құны ондаған миллион тұратын Toyota LC 300, BMW 545, ZEEKR X, Toyota Tundra көліктері мен BMW мотоциклінің қайдан келгенін сұрағанда, Владимир Дворецкий ешқандай түсініктеме берместен Zoom желісінен шығып кетті. Сөйтіп, ол әріптесі Ілияшевті залдағы БАҚ өкілдерімен бетпе-бет жалғыз тастап қаша жөнелді.

Баспасөз мәслихатының соңына қарай белгілі журналист Вадим Борейко іс-шара атауының өзінде еш қисын жоқ екенін айтты. Ол «Құрылтай мүшелері партиялық тізім арқылы жасақталатын болса, бұл қылмыстық істің Құрылтайға қандай қатысы бар?» деп төтесінен қойды.

Алайда спикер бұл жолы да нақты жауапты жылы жауып, әңгіме ауылын «серіктесімнің ісін жалғастыруға дайынмын» деген өзінің жеке амбициясына бұрып жіберді. Ақырында, бұл алаңды ұсынған Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюросы онлайн-трансляцияны мерзімінен бұрын тоқтатып тастады.

Еске сала кетейік, қазіргі таңда блогер Санжар Боқаевқа Баум тоғайында заңсыз ағаш кесуді ұйымдастырды және аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деген айыптар тағылып отыр.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау