Теміртаудағы тозығы жеткен жылу желілері жаңартылып жатыр, деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Теміртау қаласындағы жылу желілері әбден тозған. Әсіресе қыс мезгілінде тұрғындар тоңып отырмыз деп жиі шағымданады.
Қаладағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 425,8 шақырымды құрайды. Оның ішінде 171,2 шақырымы - магистральдық жылу желілері, тозу деңгейі 68,5%, ал 254,6 шақырымы - ішкі кварталдық желілер, тозу деңгейі 75%. Жалпы алғанда, 2025 жылдың басында жылу желілерінің орташа тозу деңгейі 71,7% болды.
Шағын шаһардағы коммуналдық проблемаларды шешу үшін құбырлар біртіндеп ауыстырыла бастады.

Мәселен, қазір ТМ-3 жылу желісін жаңалау жұмыстары жүріп жатыр. Бас мердігер «TOLAGAI GLOBAL» компаниясы. Осы салада тәжірибесі мол мердігер қаладағы әбден ескірген 4 шақырымнан аса жылу құбырын жаңалап жатыр.
Ескірген бір жарым шақырым жылу құбырын жаңарттық. Халық оның игілігін сезіне бастады. Енді екі жарым шақырым құбырды жаңғырту қалды. Оны да уақытылы аяқтау үшін қарқынды жұмыс істеп жатырмыз, - деді «TOLAGAI GLOBAL» компаниясы Бас директорының солтүстік өңірдегі нысандар бойынша орынбасары Нұржан Аманжолов.

Жоспарға сай, жылу желісін жаңғырту жұмысы келер жылы қазан айында аяқталуы тиіс. Қазір құрылыс басында 50-ге тарта адам жұмыс істеуде. Айта кетерлігі, мердігер бұл жұмысқа жергілікті тұрғындарды тартқан.
Жылу желісі жаңғыртылып біткен соң 38 мың тұтынушы жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етіледі. Бұл қаладағы халықтың шамамен 25 пайызы. Мұндағы жылу желісі тым ескі болған. Ол өткен ғасырдың 60-80 жылдары жүргізілген екен, - деді Нұржан Аманжолов.

Құрылысқа тапсырыс беруші - Теміртау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі.
2025 жылы қалада жылу желілерін жаңғырту бойынша жалпы ұзындығы 8,6 шақырымды құрайтын 3 жоба толық аяқталды. Бұл атқарылған жұмыстар жылу желілерінің тозу деңгейін 5%-ға төмендетуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде, 2026 жылдың басында жылу желілерінің орташа тозу деңгейі 69,3%-ды құрайды, - деп мәлімдеді Теміртау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі.
Жылу желілерін жаңғырту жұмыстары қала әкімдігінің тұрақты бақылауында және тұрғындарды сапалы әрі тұрақты жылумен қамтамасыз етуге бағытталған.
ТМ-3 жылу желісін жаңғыртып, 38 мың халықты жылумен қамту үшін бюджеттен 6,1 миллиард теңге бөлінгенін айта кетейік.