Алматы тауларында 73 жастағы шетел азаматын іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Операцияға 50-ге жуық адам, тікұшақ пен дрондар жұмылдырылды, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
ТЖМ мәліметінше, 1953 жылы туған шетелдік 28 қыркүйекте топпен бірге «Шымбұлақ» аспалы жолы арқылы тауға көтерілген. Кейін серіктеріне маршрутты жалғыз жалғастырып, қалаға өздігінен түсетінін айтқан. Алайда қонақүйге оралмаған.
29 қыркүйекте оның жоғалғаны туралы «112» қызметіне хабар түсіп, іздеу жұмыстары басталды.
Қазір Талғар асуы маңындағы шамамен 3200 метр биіктіктегі аумақ тексеріліп жатыр. Іздеуге 50-ге жуық адам, 8 техника, 7 дрон, 3 кинологиялық есептоп және ТЖМ «Қазавиаспас» тікұшағы тартылған.
Тікұшақпен Сол Талғар, Богданович мұздығы мен оған іргелес шатқалдар, тау шыңдары және асулар тексерілді. Құтқарушылар жаяу да іздеу жүргізіп жатыр. Сонымен қатар бейнебақылау камераларының жазбалары қаралып, осы аумақта болған туристерден ақпарат жиналуда.
Іздестіру-құтқару жұмыстары тәулік бойы жалғасып жатыр.