Әйгілі актер Джеки Чан "Доспехи Бога 4: Ультиматум" фильмінің түсіріліміне қатысу үшін Ақтауға келді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz облыстық әкімдікке сілтеме жасап.
Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірге халықаралық "Доспехи Бога 4: Ультиматум" көркем фильмінің түсіріліміне қатысу үшін арнайы келген аты аңызға айналған актер, режиссер, продюсер әрі жекпе-жек өнерінің шебері Джеки Чанды қарсы алған.
"Маңғыстаудың ауқымды халықаралық киножобаның негізгі түсірілім алаңдарының бірі ретінде таңдалуы әлемдік киноиндустрияның Қазақстанның бірегей табиғи ландшафттарына деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді. Фильмнің басты түсірілім орындарының бірі – әлемге әйгілі Бозжыра шатқалы болмақ", - делінген хабарламада.
Кездесу барысында Нұрдәулет Қилыбай мұндай ауқымды халықаралық жобалардың өңірдің туристік әлеуетін арттыруға, инвестиция тартуға және Маңғыстаудың әлемдік деңгейдегі танымалдылығын күшейтуге зор серпін беретінін атап өткен.
Джеки Чан жылы қабылдағаны үшін алғысын білдіріп, Маңғыстаудың табиғи ландшафттары ерекше кинематографиялық әлеуетке ие екенін және болашақ фильмнің ең көрнекті көріністерінің біріне айналатынын айтқан.