$ 471.04
 538.54
 6.17

Шымкенттік оқушылар сабақты жақсы оқып, 48,8 миллион теңге табыс тапты

Редактор
24.06.2026, 09:14
Ашық дереккөз
Ашық дереккөз
«Күнделік» пен Halyk Bank жобасының қорытындысы шықты

Шымкент қаласында мектеп оқушыларын білімге ынталандыру мақсатында басталған ауқымды бастама өз мәресіне жетті. Мегаполис өрендері биыл тек үздік баға алып қана қоймай, сол еңбектері үшін қомақты ақшалай сыйақыға ие болды. «Күнделік» жүйесі мен Halyk Bank бірлесіп жүзеге асырған «Үздік бағаларға – бонустар» білім беру-әлеуметтік бағдарламасы аясында демеушілердің арнайы қорынан жалпы көлемі 48,8 миллион теңге бөлініп, жеңімпаздарға табыс етілді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

2025-2026 оқу жылының қорытындысы бойынша Шымкент қаласынан 488 оқушы ерекше белсенділік танытып, үздік нәтиже көрсетті. Нәтижесінде, олардың әрқайсысы 100 мың теңге көлеміндегі ақшалай бонуспен марапатталды. Бұл жоба мектеп қабырғасында жүріп-ақ өз білімімен алғашқы табысын табуға болатынын дәлелдеген бірегей мүмкіндікке айналды.

Ауқымды білім бәйгесіне Шымкент шаһарындағы 198 мектептің шәкірттері қатысып, өзара бақ сынасты. Салдастырылған ресми статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жүлдегерлердің басым бөлігі жоғары сынып оқушылары екені анықталды. Белсенділік көрсеткен сыныптар кестесі: 8-сыныптар: 95 оқушы (ең көп жүлде алғандар); 9-сыныптар: 82 оқушы; 7-сыныптар: 77 оқушы; 11-сыныптар: 66 оқушы.

Сондай-ақ, білім ұяларының арасында да өзара бәсекелестік жоғары болды. Бағдарлама қорытындысы бойынша А.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназия, №23 мектеп-лицей, Ұлықбек атындағы №3 орта мектебі және М.Х.Дулати атындағы №8 мамандандырылған гимназия оқушылары басқалардан оқ бойы озық шығып, алдыңғы қатардан көрінді.

Айта кетейік, «Үздік бағаларға – бонустар» жобасы мектеп оқушыларының сабаққа деген қызығушылығын арттырып, сапалы білім алуға деген ішкі мотивациясын күшейтудің тиімді құралы екенін көрсетті. Шымкенттік жеткіншектер өздерінің күнделікті алған «бестіктерін» нақты қаржылық табысқа айналдыра білді.

Демеуші компаниялар мен ұйымдастырушылар тарапынан қолдау тапқан, жас өрендердің интеллектуалды әлеуетін көтеруге бағытталған бұл танымал жоба алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, жаңа оқу жылында ауқымын кеңейтеді деп жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау