Шымкент қаласында «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту, азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мақсатында «Спорт, қаржылық сауаттылық және заң мен тәртіп жолында біргеміз» атты ауқымды іс-шара өтті, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Іс-шара Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен өтіп, оған 300-ге жуық адам қатысты. Қатысушылар спорттық белсенділік, қаржылық сауаттылық, қоршаған ортаны қорғау және заң мен тәртіп қағидатын сақтау бағыттарындағы шараларға атсалысты.
Іс-шараның ресми ашылуында Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Бақыт Сапарғалиұлы Қайшыбеков және Михаил Вячеславович Кан қатысушыларға құттықтау сөз сөйлеп, спортты насихаттау, азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру және қоғамда заң мен тәртіп мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Шара таңғы жаттығудан басталып, плоггинг акциясымен жалғасты. Қатысушылар белгіленген маршрут бойынша жүгіріп, жол бойындағы қоқыстарды жинады. Осылайша, спорттық белсенділік, қоршаған ортаға жауапкершілік және қоғамдық тәртіпті сақтау бір іс-шара аясында тоғыстырылды.
Жүгіру маршруты бойында қаржылық сауаттылыққа арналған тақырыптық аялдамалар ұйымдастырылды. Қатысушыларға лудомания, дипфейк, қаржылық пирамидалар және дропперлік сияқты қазіргі қоғамдағы өзекті қауіптер туралы ақпарат беріліп, қаржылық алаяқтықтан сақтану жолдары түсіндірілді.