Шымкент қаласының білім беру жүйесі сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеріліп, оқушылардың халықаралық және республикалық ареналардағы жетістіктері күн санап артып келеді, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Мегаполис мектептерінің бітірушілері тек еліміздің белді оқу орындарында емес, әлемдік деңгейдегі бәсекелерде де өздерінің бәсекеге қабілеттілігін сенімді түрде дәлелдеп отыр. Бүгінгі таңда шымкенттік 80-нен астам түлек әлемнің 100-ден астам жетекші шетелдік жоғары оқу орындарынан ресми шақырту алып, беделді халықаралық білім гранттарының иегері атанды. Бұл көрсекіш – қаладағы сапалы білім мен ұстаздар қауымының қажырлы еңбегінің айқын нәтижесі.
Республикалық білім бәсекелерінде де Шымкент оқушыларының мерейі үстем. Жас дарындар ғылыми жобалар, пәндік олимпиадалар мен шығармашылық конкурстарда топ жарып, І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдар мен арнайы грамоталарды иеленді. Әсіресе «Зерде», «KERUEN SCIENCE», «Ақберен», «Ясауитану», «Менің шағын Отаным» және «Бастау» сияқты республикалық беделді олимпиадаларда қала намысын қорғаған өрендер жоғары білім деңгейін көрсетті.
Мұндай жоғары нәтижелерге қол жеткізген алдыңғы қатарлы білім беру ұйымдарының қатарында М.Х.Дулати атындағы №8 мамандандырылған гимназия, №1 мамандандырылған ІТ лицей-интернаты, «Білім-инновация» лицей-интернаттары, №38, №47, №65 мектеп-гимназиялары, №24 және №89 ІТ мектеп-лицейлері, сондай-ақ №1 TALANT мектебі бар. Бұл білім ошақтарының оқушылары STEM бағыты, ғылыми зерттеулер, тіл мен әдебиет және өнер салаларында үздік өнер көрсетті.
Халықаралық сахнада да шымкенттік өрендер ел абыройын асқақтатты. Қала оқушылары Азия-Тынық мұхиты математика олимпиадасы мен «Жібек жолы» халықаралық олимпиадасында бақ сынап, жүлдегерлер қатарынан көрінді. Атап айтқанда, №8 мамандандырылған гимназияның оқушысы Керімбай Саян «Regeneron ISEF-2026» халықаралық ғылыми-техникалық конкурсының іріктеуінен сәтті өтіп, АҚШ-тың Аризона штаты, Феникс қаласында өтетін беделді байқауға жолдама алды.
Біліммен қатар, әскери-патриоттық тәрбиеге де ерекше көңіл бөлінуде. «Айбын-2026» жарысының қалалық кезеңіне 675 оқушы қатысып, одан озық шыққан 15 өреннен құралған «Сұңқар» командасы Щучинск қаласында өткен Халықаралық «Айбын-2026» жиынында жүделі ІІ орынды жеңіп алды. Сондай-ақ, 2019 жылдан бері алғаш рет ауқымды форматта ұйымдастырылған 5 күндік далалық оқу-жаттығудан 6000-ға жуық мектеп оқушысы мен 600-ге жуық колледж студенті өтіп, шыңдалды.