Ақмола облысының Степногорск қаласында жасөспірімдердің өздерінен кіші балаларды қорлағаны туралы ақпарат тарады. Оқиғадан кейін мамандар Қазақстандағы буллингке қарсы бағдарламалардың тиімділігі мәселесін көтерді, деп хабарлады Bairaqmedia.kz.
Әлеуметтік желіде тараған мәліметке сәйкес, 16 жастағы екі жасөспірім кішкентай балаларды бұталардың арасына қуып кіргізіп, қорқытып, бір-бірін сүйуге мәжбүрлеген. Сондай-ақ олардың қорлау әрекетін телефонға түсіріп, тікелей эфирде көрсеткені айтылады. Полиция аталған дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын растаған.
Ата-аналардың айтуынша, балалар мен жасөспірімдер арасындағы буллинг жағдайларының барлығы бірдей полицияға жете бермейді. Ал кейбір білім беру ұйымдары мұндай оқиғалардың ресми статистикаға енуіне мүдделі емес деген пікір бар.
PEDSOYUZ.KZ педагогикалық қозғалысы блогының әкімшісі Елена Бантикованың сөзінше, мектеп психологтарына түсетін жүктеме де жоғары.
«Психологтардың өздері бізге хабарласады. Олардан есептер, толассыз кестелер талап етіледі. Бұған қоса тестілеу, әңгімелесу секілді түрлі іс-шараларды өткізуі керек. Олардың бәріне бірдей уақыты жетпейді», – дейді ол.