Астана қаласында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның анасы Салима Омарова қызының өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сотта жауап берді. Ол қызының қайғылы оқиға болған күні өзімен соңғы рет не туралы сөйлескенін айтып, сот залында көз жасына ерік берді, деп хабарлады Bairaqmedia.kz.
Салима Омарованың айтуынша, 2025 жылғы 8 қараша күні таңертең Ұлдана анасымен видеоқоңырау арқылы сөйлескен. Сол сәтте фельдшер кезекті шақыртуға бара жатқанын айтқан.
«Мен қызыма әр шақырту сайын хабарласып отыруын сұрайтынмын. Ол барған жері туралы айтып, хабарласып тұратын. Сол күні қайда бара жатқанын нақты айтпады. Шақыртуға бара жатқан кезде көбірек сөйлесейікші деді», – деді Салима Омарова.
Алайда анасы дүкенге асығып тұрғандықтан, әңгіме ұзаққа созылмаған. Ұлдана шақырту орнынан шыққаннан кейін қайта хабарласатынын айтқан.
Көп ұзамай Салима Омароваға құдағиы телефон соғып, Ұлдананың үстіне дүкеннің қабырғасы құлағанын жеткізген.
«Мен жаңа ғана қызыммен сөйлестім ғой деп абдырап қалдым», – деді марқұмның анасы.
Одан кейін үлкен қызы да хабарласып, ауруханаға тезірек жетуін сұраған. Салима Омарова дереу Астанаға аттанып, кешкі сағат 20:00 шамасында ауруханаға жеткен.
Оның сөзінше, ауруханада қызының жағдайы туралы нақты ақпарат бірден берілмеген. Кейін дәрігерлер жансақтау бөліміндегі Ұлдананың жанына кіруге рұқсат еткен.
«Ішке кіргенде қызымды бірден таба алмадым. Өйткені ол жерде бірнеше адам жатты. Кейін қызымды таныдым. “Қызым, қайта хабарласам дедің ғой” деп айтқым келді. Бірақ оның мені естімей жатқанын білдім. Сыртқа шыққанда өзегім өртенді», – деді Салима Омарова сотта жылап.
Жәбірленушінің эмоционалдық жағдайын ескерген сот отырысқа үзіліс жариялады. Судья процесті сағат 15:00-ге дейін тоқтату туралы шешім қабылдады.
Посмотреть в Threads