Алматы облысы Талғар қаласында кісі қолынан қаза тапқан жасөспірім Шерзат Полаттың ісінен шығып кеткен адвокат Бағдат Амандосұлының мәлімдемесі бойынша Мейірман Шекеев жауап берді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
«Шерзат ісінде» адвокаттар тобына жетекшілік ететін Шекеев әріптесінің жіберген кемшілігі мен қателігін атады.
Ол істің мүддесіне қайшы әрекеттер жасады. Оған бірнеше рет ескерту жасалған. Жұмысқа жауапкершілікпен қарай алмады. Біз сот процесіне қатысып жүргенде ол қалада концертте жүрді. Тапсырылған жұмыстарды атқармады. Бұның бәрінің дәлелі бар. Бағдат Амандосұлыны топқа тартқан өзім едім, қазір соған опық жеп отырмын, – деді Мейірман Шекеев.
Сонымен қатар Мейірман Шекеев өзінің атын атамай мәлімдеме жасаған әріптесіне аң-таң. Айтуынша, адвокат нақты фактілермен сөйлеуі тиіс.
Қаржаубай тікелей маған келіп, менімен ғана тікелей келісімшартқа отырған. Сол келісімшарттағы мәтінді Бағдат Амандосұлының өзі құрастырып, өзі қол қойған. Бұл келісімшарт бойынша Бағдат мырза сот талқылауы толық аяқталмайынша, қылмыстық іс бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде немесе кез келген басқа да қоғамдық ақпарат алаңында пікір, сұхбат, түсініктеме беруге құқылы емес деп өзі белгілеп жазған. Бұл норманы да бұзды. Біздің байқауымызша, жәбірленуші тарап маған көп видео жіберді. Екі қызға қатысты мәлімдеме жасап, солардың мүддесін қорғағандай әрекет жасады. Бұл Шерзат ісінің мүддесіне қайшы, — деді Мейірман Шекеев.
Ал, марқұм Шерзат Полаттың әкесі тек Мейірман Шекеевке ғана сенетінін айтты.
Бағдат Амандосұлымен ешқандай келісімшарт болған жоқ. Мен Мейірман ағаға келдім, өтініш жасап, істі қолға алды. Істі аманат еттім. Кім қатысады, қалай іс жүреді — Мейірман ағаның өзі шешеді. Мейірман ағаға сенемін, — деді Қаржаубай Нұрымов.
Айта кетсек, бұған дейін адвокат Бағдат Амандосұлы «Шерзат ісінен» себепсіз қуылғанын айтып, мәлімдеме жасаған болатын.
Бірақ бұл істе жан тәнімен емес, тек сыртқы атақ үшін ғана келген адамдарға бөгет болған сияқтымын. Біреулерге «мен ғана сөйлеймін, мен ғана халыққа көрінемін. Мен ғана халықтың алдына шығамын. Мен ғана сұхбат беремін. Кімде кім сотта маған қарсы келсе немесе алдымнан шықса істен шығарамын. Себебі, бұл менің ғана ісім. Менің ғана ережем. Сендер тек қана жалдамалысыңдар. Естеріңде болсын» деген сияқты түсініксіз талаптар маған біртүрлі көрінді, – деп жазды адвокат жеке парақшасына.