Белгілі тарихшы Ахмет Тоқтабай Qalam.global.qaz жобасына берген сұхбатында қазақ халқының дәстүрлі өмір салтына қатысты тың деректермен бөлісті, деп хабарлайды ozgeris.info.
Оның айтуынша, ХІХ ғасырдың соңында және ХХ ғасырдың басында Ресей тарапынан ұйымдастырылған экспедициялар қазақ даласын зерттеу барысында бірқатар қызықты байқаулар жасаған.
«Орыс зерттеушілері қазақтардың тұрмысын бақылап, олардың ауқаттылығын мынадай белгілер арқылы бағалаған: бірінші — соғымға міндетті түрде жылқы сойылуы, екіншіден - қарапайым ат емес, жорға мінуі, үшіншіден - көп мөлшерде қымыз ішуі. Мұның барлығы байлықтың белгісі ретінде қарастырылған», -дейді тарихшы.
Сондай-ақ, ғалымның айтуынша, сол кезеңде қазақтар сиыр етін кедейлердің асы деп есептеген. «Говядина - пища бедных» деп жазған сол кездегі орыс дереккөздері. Себебі қазақтар сиыр етін сирек тұтынған, ал негізгі азық ретінде жылқы мен қой еті пайдаланылған. Кейін, кеңестік дәуір келген соң, барлық малдың еті тұтыныла бастады.
Ахмет Тоқтабай қазақ халқының өмір салты мен мал шаруашылығына деген көзқарасы - ұлттың мәдениеті мен дүниетанымының айқын көрсеткіші екенін атап өтті.