Ақтөбеде қала жұртшылығын дүр сілкіндірген қылмыстық іс бойынша сот процесі басталды. Тергеу нұсқасына сәйкес, 16 жастағы жасөспірім өз анасына және әжесіне пышақпен шабуыл жасаған. Қайғылы оқиға салдарынан анасы көз жұмған, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Бұл туралы Инфорбюро агенттігі мәлімдеді. Оқиға былтыр желтоқсан айында болған. Алайда жасөспірім сот отырысына қатысып жатқан жоқ. Қазіргі уақытта ол психиатриялық ауруханада ем қабылдап жатыр.
Сараптама қорытындысы бойынша жасөспірімге параноидты шизофрения диагнозы қойылған. Мамандар қылмыс жасалған сәтте оның өз әрекетінің мәнін түсінбеген деген қорытындыға келген.
26 тамызда өткен сот отырысына жасөспірімнің әкесі мен әжесі келген. Екеуі де журналистерден өздерін түсірмеуді сұрап, пікір білдіруден бас тартқан.
Сотта Ақтөбе облысы прокуратурасы басқармасының аға прокуроры Елдар Әбиев оқиғаның мән-жайын баяндады.
«Жасөспірім асүйде болған кезде анасы оның оқу үлгеріміне қатысты ескерту жасаған. Осыдан кейін ол раковинаның үстіндегі шкафты ашып, қара сапты пышақты көрген және оны қолына алған. Әйелдің соңынан басқа бөлмеге дейін барып, денесінің әр жеріне бірнеше рет пышақ сұққан. Алған жарақаттарының салдарынан анасы оқиға орнында көз жұмды», – деді мемлекеттік айыптаушы.
Іс бойынша сот талқылауы жалғасып жатыр.