$ 486.19
 554.26
 6.51

Сәтбаевта үш жасар бүлдіршін терезеден құлап көз жұмды

Редактор
25.06.2026, 09:17
Фото: istockphoto
Фото: istockphoto
Сәтбаев қаласы аумағында жаз мезгілі басталғалы бері екі жағдай тіркелді.

Сәтбаев қаласында үш жасар бүлдіршін көз жұмды. Баланың өмірін қиған – бір сәттік бейқамдық, деп хабарлайды bairaqmedia.kz Аlmaty.tv-ға сілтеме жасап.

Телеарна тілшісінің хабарлауынша, Сәтбаев қаласы аумағында жаз мезгілі басталғалы бері екі жағдай тіркелді.

"Өкінішке қарай бір бала көз жұмды, екіншісі медициналық мекемеде ем алып жатыр. Құрметті ата-аналар, қала тұрғындары Сәтбаев қаласының төтенше жағдайлар бөлімі бала өміріне жауапкершілікпен қарауды сұрайды", - деді Сәтбаев қаласы Төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері Әнел Қадырғали.

Мамандардың мәліметінше, былтыр Сәтбаев қаласында 8 адам терезеден құлаған. Ал өткен екі аптада 3 оқиға тіркелді. Оның екеуі де – кішкентай бала, үшіншісі – жасөспірім. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай жағдайда көбіне бас сүйек-ми жарақаты, ішкі ағзалар зақымданады. Жаны аман қалған күннің өзінде сал болып қалуы әбден мүмкін.

"Өкінішке қарай кеше ғана 3 жастағы баланың төртінші қабаттың терезесінен құлағаны туралы шақырту түсті. Бала оқиға орнында көз жұмды. Мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін терезелерге арнайы қорғаныс құралдарын орнатып, балаларды бақылаусыз қалдырмау қажет", - деді Сәтбаев қалалық Жедел жәрдем қызметінің фельдшері Светлана Воробьева.