Ресейдің Краснодар өлкесінде 5 жастағы баланың өліміне қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тергеу нұсқасы бойынша, баланы өгей әкесі соққыға жығып, ауыр жарақат салған. Бұл туралы Краснодар өлкесі бойынша Тергеу комитетіне сілтеме жасап жазды, деп хабарлады Bairaqmedia.kz.
Қайғылы оқиға 2026 жылғы 16 қазанда Славян ауданындағы Степной елді мекенінде болған. Тергеу мәліметінше, сол күні ер адам әйелінің 5 жастағы ұлымен үйде болған. Ал баланың анасы үйде болмаған.
Тергеу нұсқасы бойынша, болмашы себепке бола ер адам баланы аяусыз ұрып-соққан.
«Айыпталушы баланың денесінің әртүрлі тұсына қолымен және аяғымен кемінде сегіз рет соққы жасаған. Сондай-ақ оның басын темір батареяға соққан», – делінген Тергеу комитетінің хабарламасында.
Баланың жағдайы нашарлағанын байқаған ер адам күдік тудырмау үшін оны ауруханаға апарған. Дәрігерлерге баланың жуынатын бөлмеде құлап, басын соғып алғанын айтқан. Алайда медицина қызметкерлерінің көмегіне қарамастан, бала ауруханада көз жұмған.
Тергеу барысында ер адам оқиғаны жазатайым жағдай ретінде көрсетуге тырысқанымен, оның қылмысқа қатысы дәлелденген. Кейін ол жауап алу кезінде кінәсін мойындап, оқиғаның мән-жайын баяндаған.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, бала мүгедектігі бар болған. Оған қатысты зорлық-зомбылыққа баланың дәретханаға үлгермей, киіміне жіберіп қоюы себеп болған.
Аталған дерек бойынша Ресей Қылмыстық кодексінің 105-бабы 2-бөлігі «в» тармағымен қылмыстық іс қозғалды. Айыпталушы тергеу кезеңінде қамауға алынған.
Қазір тергеушілер отбасындағы балалардың өмір сүру және тәрбиелену жағдайларын, сондай-ақ олардың құқықтары мен мүдделерінің бұзылу қаупі туралы тиісті органдардың хабардар болған-болмағанын тексеріп жатыр. Бұған қоса, қорғаншылық және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты мекемелердің әрекетіне де құқықтық баға берілмек.