Түркияның туристер көп баратын Каппадокия аймағында жартас опырылып, үш адам қаза тапты. Тағы бес адам жарақат алды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz Түркияның Невшехир провинциясы губернаторының мәлімдемесіне және Anadolu агенттігіне сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға 29 қазанда Гөреме ашық аспан астындағы музейінің маңында болған. Нөсер жауын салдарынан «пері мұржалары» (peri bacası) деп аталатын ерекше табиғи жартас құрылымының бір бөлігі опырылып, ірі тас кесектері сол маңдағы адамдардың үстіне құлаған.
Оқиға орнына полиция, жандармерия, AFAD құтқарушылары мен медицина қызметкерлері жұмылдырылды. Алғашында екі адамның қаза тапқаны хабарланған. Кейін үйінді астынан тағы бір адамның мәйіті табылып, құрбандар саны үшке жетті. Невшехир провинциясының губернаторы Хюсейн Көк қайғылы жағдайға соңғы күндері жауған нөсер себеп болғанын мәлімдеді.
«Іздестіру-құтқару жұмыстары толық аяқталды. Бес жаралының төртеуі ауруханадан шығарылды. Бір адам жамбас сүйегінің сынуына байланысты ем қабылдап жатыр», – деді губернатор.
Түркияның Әділет министрі Акын Гюрлек оқиғаға байланысты қылмыстық тергеу басталғанын хабарлады. Тергеуге прокурорлар тартылған. Айта кетейік, Каппадокия – ерекше жанартаулық жартас құрылымдарымен танымал, ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енген Түркиядағы әйгілі туристік аймақ.
Kapadokya’da peribacası yıkıldı… Nevşehir’in merkez ilçeye bağlı Göreme beldesinde peribacası yıkıldı. Olay yerine çok sayıda ambulans sevk edildiği öğrenildi. https://t.co/vIpa2dYzA2
— Lale Haber (@lale_haber) October 29, 2026