Танымал актриса Дариға Бадықова әлеуметтік желіде жеке өмірі мен табысын талқылап, жағымсыз пікір жазатындарға қатаң жауап берді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Өнер иесі Instagram парақшасында бірнеше жазба жариялап, өзін сынап, жеке өміріне араласатын адамдарға ескерту жасады. Актриса өзінің үнсіздігін әлсіздік деп қабылдамауға шақырып, әр адамның жеке өміріне құрметпен қарау керектігін жеткізді.
«Менің парақшама кіріп, өз өмірлеріне көңілдері толмағанының уын шашпаңдар! Бүгін біреудің өмірін табалап, ертең өз бастарына не келетінін білмейсіңдер. Біреудің бүгінін мазақ етіп, өз ертеңдеріңе тым сенімді болмаңдар! Менің үндемегенімді әлсіздікке, тәрбиемді қорқақтыққа баламаңдар. Үндемегенге үдемеңдер! Әр нәрсенің шегі бар! Ұнамай ма? Қарама! Жақпай ма? Жазылма! Менің өмірім сендердің талқылайтын меншіктерің емес. Мен сендердің рұқсаттарыңмен өмір сүрмеймін! Ақша аспаннан түскен жоқ! Біз біреудің қалтасына емес, өз білімімізге, қабілетімізге, еңбегімізге сүйеніп келдік! Біреудің тапқан ақшасын санағанша, өзіңнің неге жете алмай жүргеніңді ойлан. Өз өмірлеріңді жөнге келтіре алмай жүріп, біреудің өміріне төрелік айтатын сендер кімсіңдер?! Менің сөзім барша оқырманға емес, дәл соларға арналған! Сын айту мен қаралап, артық әңгіме айту – екі бөлек!» – деп жазды Дариға Бадықова.
Актриса бүгінгі жетістігінің артында төрт жылдық оқу мен ұзақ жылғы еңбек жатқанын атап өтті. Сондай-ақ өзін шын жүректен қолдап, еңбегін бағалайтын оқырмандарына алғыс білдірді.
Жазбасының соңында өнер иесі бұдан былай парақшасына орынсыз пікір қалдырып, жеке басына тиісетін адамдарды бұғаттайтынын ескертті.